Жыл соңына дейін Ақсу қаласында 200-ден астам адам баспаналы болады. Қазір көпқабатты үйлердің құрылысы аяқталып қалды дейді шаһар басшысы. Бүгінде металлургтер мен энергетиктер қаласында 2429 адам пәтер кезегінде тұр. Келер жылы тағы 150 пәтер қолданысқа берілмек. Ал, қалаға қарасты екі ауылда «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы арқылы бөлінген қаржыға спорт кешені салынып жатыр.
Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбиновтың айтуынша, 10 айда экономикалық даму көрсеткіші өскен. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың өнімі ұлғайды.
Нұрлан Дүйсенбинов, Ақсу қаласының әкімі:
Мәселен, өнеркәсіптік кәсіпорындар 700,5 млрд теңге сомасына немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 101,4 пайыз өнім өндірді. Қала энергетиктері 11,7 млрд кВт/сағ электра энергиясын өндірді, металлургтер 972,3 мың тонна ферроқортпа өндірді.
Тұрғын үйлерді салу мәселесі де қолға алынған. Қазіргі уақытта шаһарда 2400-ден астам адам баспана кезегінде тұр. Жыл аяғына дейін 2 көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Кезекті тұрған 224 адам баспана кілттерін алады.
Нұрлан Дүйсенбинов, Ақсу қаласының әкімі:
Өткен жылмен салыстырғанда бой көтерген тұрғын үйлердің көлемі ұлғайды. 20,5 мың шаршы метр немесе 102,7 пайыз құрады. Өткен жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 9,4 пайызға ұлғайды. Ол 20,1 немесе 109,4 пайызды құрайды.
Қала әкімінің айтуынша Ақсу қаласына қарасты 31 елді мекенінің инфрақұрылымын жақсарту үшін «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы қаржы бөлінген. Береке, Пограничник, Құркөл, Еңбек ауылдарына таза ауыз су құбыры тартылды.
Әйгерім Тоқпанқызы, Аяулым Рахымжанова