Көрермендер залынан естілетін толассыз қошемет олардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Ал, сол марапат мемлекет тарапынан бекітілді. Павлодар облыстық Чехов атындағы драма театрының актрисалары Нина Запруднева мен Ольга Светенковаға жоғары мемлекеттік атақтар берілді. Ондаған жылдарға созылған шығармашылық жол, сахна және лайықты марапат туралы келесі сюжетте.
Нина Запруднева Павлодардағы А. Чехов атындағы театрға 1976 жылы келген. Осы уақыт ішінде ол «Шие бағындағы» Варя мен «Маскарадтағы» Нина секілді ондаған жарқын рөлдерді сомдады. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында актрисаға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. Ол бұл марапатты бүкіл театр ұжымының еңбегінің жемісі деп есептейді.
Нина Запруднева, ҚР халық әртісі, А. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрының актрисасы
Бұл тек менің ғана еңбегім емес. Маған берілген атақ – бүкіл театр ұжымының еңбегінің нәтижесі. Театр басшылығына және Президентімізге алғысымды білдіремін. Бұл – біздің еңбегімізге берілген жоғары баға. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін сене алар емеспін. Әрине, бұл марапатқа жастық шағымдағы маңдай теріммен жеттім. Қазір бұрынғыдай көп рөлде ойнамасам да, еңбегімнің лайықты бағаланғанына өте қуаныштымын. Бұған әлі де сене алмай жүрмін.
Нина Запрудневаның айтуынша, өнерге деген сүйіспеншілік оның бойында бала кезінен қалыптасқан. Бүгінде оның қоржынында есте қаларлық ондаған оброз, Кеңес Одағы бойынша гастрольдік сапарлар және Павлодар театры сахнасындағы жарты ғасырлық еңбек бар.
Нина Запруднева, ҚР халық әртісі, А. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрының актрисасы
Ресей театр өнері институтына оқуға түсіп, театрдағы өмірім басталды. Кейін бүкіл Кеңес Одағын араладым. Жолдасыммен Ульяновскіде таныстым, ол сол жерде жұмыс істейтін. Содан кейін бірге түрлі қалаларда қызмет еттік. Ол кезде Кеңес заманында театрлық биржа болатын. Директорлар мен режиссерлер актерлерді таңдап, жұмысқа қабылдайтын. Солайша біз Семей қаласына жолдама алдық.
Кәсіби мереке қарсаңында жоғары марапатқа актриса Ольга Светенкова да ие болды. Театр өнерінің дамуына қосқан көпжылдық үлесі үшін оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Оның шығармашылық жолы Шымкент қаласындағы драма үйірмесінен басталып, кейін жергілікті театр сахнасында жалғасты. Павлодарға ол сахнаның жетекші шебері ретінде келді.
Ольга Светенкова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, А. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрының актрисасы
Актердің еңбегі өте ауыр. Ол психологиялық тұрғыдан да, физикалық жағынан да қиын жұмыс. Егер актер сахнада керкін ұстай алса, көбелекше қалықтап жүрсе, бұл оның еңбекқорлығы мен кәсіби дайындығының жоғары екенін көрсетеді. Көрермен актердің сырқаттанып жүргенін немесе қандай да бір денсаулық мәселесін байқамауы тиіс. Ол әрдайым сахнаға дайын болуы қажет. Бүгінде театр репертуарының негізгі жүгін көтеріп жүрген орта буын әріптестеріме денсаулық пен төзім тілеймін. Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды, оның жемісі ерте ме, кеш пе міндетті түрде қайтады.
Ольга Светенкова мен Нина Запруднева үшін театр – бүкіл ғұмырын арнаған қасиетті өнер ордасы. Өздерінің «алтын дәуірі» артта қалғанын мойындағанымен, олар үшін мемлекеттік марапатқа ие болу және сахнаға талантты жас буынның келуін көру әлі де зор қуаныш пен мақтаныш.