Павлодар облысында шомылу маусымы ресми түрде әлі ашылмады. Бірақ ауа температурасының жоғарылауына байланысты, күн ысып жаппай тұрғындар бала шағасымен суға түсіп жатыр. Күні кеше ғана екі адам құтқарылды. Бұл ретте аймақ басшысы қауіпсіздік шараларын нығайтуды тапсырды.
2025 жылдың шомылу маусымында 14 адамның суға кетуі тіркелді. Олардың ішінде 2-уі кәмелеттік жасқа толмаған. Бұл су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын нығайтуға, бақылауды күшейтуге керек екендігін білдіреді.
Рустамбек Амрин, Павлодар облысы ТЖД бастығы
Қазір 45 жағажай бекітілді. оның 29-ы коммуналдық, 16-сы жеке. Бұл ретте осыған дейін жұмыс істеп, кейін су басып, қазір жұмыс істемейтін, бірақ ашық боп тұрған су айдындары сұрақ туындатып отыр. 7 нүкте белгіленді, Екібастұз, Аққулы, Железин ауданы, Ертіс, Май, Павлодар аудандарында адамдарға шомылатын орындар дұрыс жасақталмаған.
Суға кету фактілерінің 60 пайызы Ертіс өзенінде болады екен. Бұл ретте жыл басынан департаментпен 62 қоғамдық құтқарушы оқытылды. Күні кеше ғана осы қоғамдық құтқарушылардың көмегімен Ақсуда екі адам құтқарылды. Ересек адамдар ішімдік кесірінен, ал балалар ата анасының бейжайлығынан суға жиі кетеді екен. Аймақ басшысы балалармен, ата аналармен жұмысты күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда ресми түрді облыста шомылу маусымы ашылмады. Коммуналдық жағажайларда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін судың түбі тазаланса, енді тұрғындардың жайлы демалысы үшін жан-жағы қалыпқа келтірілуде.
Самал Қалиқызы