Өткен демалыс күндері «Ertis Promenade» сахнасында өңірдің түкпір-түкпірінен келген дарынды балалардың басын қосқан «ART STAR–2026» балалар фестивалі өтті. Жас өнерпаздар вокалдық, хореографиялық және театрлық нөмірлерін көрсетіп, бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
«ART STAR» фестивалі төртінші жыл қатарынан өңірдегі дарынды балалар мен жасөспірімдерді басын қосып келеді. Биыл сахнада облыстың қала, аудандарынан келген шығармашылық үйірмелердің, студиялар мен ұжымдардың 4 пен 18 жас аралығындағы тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Олардың барлығы мәдениет пен шығармашылық саласындағы қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік «ArtSport» бағдарламасы аясында өнер түрлерімен тегін айналысады.
Маржан Қайырбаева, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бөлімінің басшысы
Бұл бағдарлама балалар үшін тегін негізде жұмыс істейді. Сабақтан тыс уақытта балалар шығармашылық үйірмелер мен секцияларға қатысып, би, кескіндеме, сурет салу және мәдениет саласындағы өзге де бағыттармен айналыса алады.
Облыста «ArtSport» бағдарламасы бойынша 50 қызмет көрсетуші жұмыс істейді, ал қамтылған балалардың жалпы саны шамамен 6000-ды құрайды. Бұл көрсеткіш үнемі артып келеді, себебі бағдарлама балалар үшін қолайлы әрі ата-аналар үшін тиімді. Фестиваль барысында көрермендер 26 жарқын шығармашылық нөмірден құралған мазмұнды концерттік бағдарламаны тамашалады. Сахнада жас өнерпаздардың вокалдық қойылымдары, әсем хореографиялық композициялары мен театрландырылған көріністері ұсынылды. Алғашқылардың бірі болып өз шеберлігін Екібастұз қаласының хореографиялық ансамблі көрсетті.
Жарқын концерттік бағдарламадан бөлек, фестиваль аясында балалар шығармашылығының дамуына елеулі үлес қосып жүрген шығармашылық ұжымдардың жетекшілері мен педагогтерін марапаттау рәсімі өтті.