Павлодарда республикалық «Жас құтқарушы» байқауының облыстық кезеңі өтті. Бір алаңда өңірдің барлық аудандарынан келген ең үздік командалар бас қосты. Қатысушылар үшін бұл жай ғана жарыс емес, білімдерін, төзімділіктерін және шынайы төтенше жағдайларға барынша жақындатылған жағдайда әрекет ету қабілеттерін сынайтын маңызды сынақ болды.

Қатысушылар бұдан бұрын өздерін аудандық кезеңде дәлелдеген. Енді міндет күрделене түсті: тек дене дайындығын ғана емес, сонымен қатар жылдам шешім қабылдау, топпен жұмыс істеу және күйзелісті жағдайда сабыр сақтау қабілеттерін көрсету қажет. Жарыс кіші, орта, жоғары сынып оқушыларының барлығын қамтыды.

Жібек Айтмұхамбетова, Павлодар облысы білім беру басқармасы балалар құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы

«Бұл байқау жыл сайын ұйымдастырылады. Бүгінгі сайыстың жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алады. Бүгін мұнда облыстың барлық өңірлерінен келген аудандық кезең жеңімпаздары жиналды. Бұл байқаудың балалар үшін маңызы зор, өйткені ол қауіпсіздік пен жауапкершілік дағдыларын қалыптастырады. Сонымен қатар, балалар көшбасшылық қасиеттерін көрсетіп, алғашқы көмек көрсетуге үйренеді және төтенше жағдай кезінде дұрыс бағдар таба алады».

Алаңда ортақ мақсат біріктірген ондаған қатысушы бар. Әр тапсырма дәлдік пен жинақылықты талап етеді. Алғашқы көмек көрсетудің негізгі дағдыларынан бастап, шартты төтенше жағдай жағдайында бағыт-бағдар табуға дейінгі дағдыларды қамтиды.

Думан Қыдырмоллаев, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары

«Бұған дейін жарыстар аудандарда, аудандық мектептер арасында өткізілді. Ең үздіктер іріктеліп, қазір облыстық жарысқа қатысып жатыр. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік командалар Ақмола облысының Көкшетау қаласында өтетін республикалық жарысқа қатысады. Мұнда барлық аудандардың өкілдері жиналды. Алдымен олар аудан орталықтарында өткен жарыстарға қатысып, бірінші орын алған командалар Павлодар қаласына облыстық кезеңге келді. Әр командада шамамен 7–8 қатысушыдан бар. Жалпы саны 80–90 оқушыны құрайды. Бұл жарысқа 7, 8, 9 және 10-сынып оқушылары қатысуда.»

Әр команданың құрамында шамамен сегіз қатысушы бар. Жалпы облыстық кезеңге жүзге жуық оқушы шықты. Олар үшін бұл тек жарыс қана емес, өмірде қажет болуы мүмкін маңызды тәжірибе. Үздіктер Павлодар облысының намысын республикалық кезеңде қорғайды. Көкшетауда еліміздің ең мықты жас құтқарушылары арасындағы тартыс жалғасады.

Бұл тек жай ғана сайыс емес, оқушыларды кез келген жағдайда дұрыс әрекет етуге және дұрыс шешімнің маңызын түсінуге үйрететін жауапкершілік мектебі.