Балаларды қорғау күніне орай орталық жағалауда ауқымды мерекелік шара өтті. Ertis Promenade сахнасында концерт өтіп, балалардың сүйікті кейіпкерлері көңілді шоу ұйымдастырды.

Мереке күні павлодарлық бүлдіршіндер ертегі әлеміне саяхат жасады. Ертіс жағалауында «ERTIS BALA MAGIC SHOW» атты мерекелік бағдарлама өтті.

Алма Айтуарова, білім басқармасы басшысының орынбасары

«Жарты жылдай біз осы шараға дайындалдық. Шараның басты мақсаты – балаларға жақсы көңіл-күй беру және де ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыру. Осы жерде караоке-зона, оупен-музей, аквагрим, асық ату облыстық сайысы өтіп жатыр. Жалпы осы жерде қосымша білім беру ұйымдарының толық жұмысы ұйымдастырылған.»

Орталық жағалаудағы думанға жиналған бүлдіршіндер мен ата-аналар, оқушылар мен ұстаздар қарасы қалың болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға барлығы 10 мыңнан аса тұрғын қатысқан. Жаздың алғашқы күнінде балаларға ерекше қуаныш сыйлаған мерекенің жоғары деңгейде өткенін ұстаздар қауымы да атап өтті.

Маржан Махмутова, №47 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі

«Бүгін, 1 маусым барлық мектепте жазғы сауықтыру лагері ашылып жатыр. Соған орай, міне, Ертіс жағажайында балаларға өте үлкен іс-шара өтуде. Іс-шара өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қаншама ертегі әлемінің кейіпкерлері балаларға ұнады. Осы кішкентай балалардың болашақтары алаңсыз, күлкіге, мейірімге толы болсын.»

Ертегілер мен мультфильм кейіпкерлерінің «Ertis Land» шеруі, ән-би, флешмобтар мен интерактивті аймақтар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Таңғажайып кейіпкерлермен жүздескен бүлдіршіндер де өз әсерлерімен бөлісті.

Амина Абай, Б. Момышұлы атындағы ЖОББМ оқушысы

«Маған бүкіл кейіпкерлер ұнады. Барлығына рақмет, мені әкелген ұстаздарға да рақмет! Бүгін – менің лагерьге барғанымның бірінші күні. Маған өте ұнады.»

Закия Кайруллина, №47 ЖОББМ оқушысы

«Концерт өте жақсы болды. Маған Стич, Алдар көсе, бөпе өте қатты ұнады. Сондай әдемі-әдемі кейіпкерлер болды. Біздің көңіл-күйіміз өте жақсы.»

Бұл думан балалардың жазғы демалысына ерекше серпін берді. Шат күлкі мен қуанышқа толы бұл күн бүлдіршіндердің есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.

Жұлдыз Қабылденова