«Павлодар» арнайы экономикалық аймағы бүгінде өңірдегі өндіріс көлемін арттыру мен жаңа жұмыс орындарын ашуда маңызды рөл атқарады. Мемлекет тарапынан жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында мұнда ірі инвестициялық жобалар іске қосылып, заманауи зауыттар бой көтеруде. Бірнеше кәсіпорын жұмысымен әріптесім танысып қайтты.
Еліміздегі 16 арнайы экономикалық аймақтың бірі ретінде өңірімізде «Павлодар» АЭА табысты жұмыс істеп тұр. Жалпы аумағы 1200 гектарды құрайтын бұл аймақта бүгінде 39 кәсіпорын орналасқан. Өндіріс орындарының іске қосылуы арқасында өңірде 1739 тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта инвестиция тартуға, жаңа технологиялық зауыттар салуға және халықты жұмыспен қамтуды арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Қазір жұмыс істеп тұрған 24 кәсіпорын өнімнің 117 түрін шығарып, оларды әлемнің 12 еліне экспорттауда. Солардың бірі жергілікті Жылу электр орталықтарында көмір жағу кезінде түзілетін материалдың жеңіл фазасын қайта өңдеумен айналысады. Бұл өндіріс техногендік қалдықтарды бағалы шикізатқа айналдыру арқылы өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізуде.
Аталған зауыт 2023 жылдан бастап жұмыс істейді және іске қосылғаннан бері мұнда 50 мың тоннаға жуық ұшпа күл қайта өңделді. Дайын өнімнің 98 пайызы шетелдік нарықтарға экспортқа жөнелтіледі.
Ал «Вектор Павлодар» ЖШС «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорын автомобильдерге арнайған дисктерді өндірумен айналысады.
Қуаныш Балтабаев, «Вектор Павлодар» ЖШС басшысының орынбасары
«2017 жылдан бастап кадрлық құрамымыз айтарлықтай өсті. Бұл зауыт – Қазақстандағы баламасы жоқ, мұндай жалғыз кәсіпорын. Біз алюминий қорытпасынан автокөлік дискілерін шығарамыз. Ай сайынғы өндіріс көлемі – 25 мың дөңгелек, ал жылдық қуаты – 300 мың дана. Өнімнің 808 пайызы Ресейдің қайталама нарығына экспортталады, ал 20 пайызы Қазақстан нарығында сатылады. Қазіргі таңда 105 адам жұмыс істейді.»
Осылайша «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы өңірге ірі инвестициялар тартып, тиімді өндіріс орындарын іске қосуда. Мұнда шығарылатын отандық өнімдердің әлемдік нарықтарға, оның ішінде Еуропа мен ТМД елдеріне жоғары үлеспен экспортталуы аймақтың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін айқын дәлелдейді.
Жұлдыз Қабылденова