Павлодарда жағажай футболының жаңа маусымы бастау алды. Дәстүрлі Суперкубок бәсекесінде павлодарлық «Арман» мен Жетісу облысының «Малайсары» командалары алаңға шықты. Қос ұжым жанкүйерлерге тартысқа толы матч сыйлап, соңғы секундтарға дейін жеңіс үшін күресті.

Құм үстіндегі тартыс алғашқы минуттардан-ақ жоғары қарқынмен басталды. Ойыншылар әр доп үшін күресіп, шабуыл мен қорғанысты қатар алып жүрді. Жағажай футболының басты ерекшелігі — ойынның жылдамдығы мен жоғары динамикасы. Үш кезеңнен тұратын матч барысында спортшылар физикалық дайындықпен қатар шапшаң шешім қабылдай білуі керек. Сондықтан мұндай кездесулерде тек шеберлік емес, мінез бен төзімділік те сынға түседі.

Берік Өмірбаев, Қазақстан футбол федерациясының менеджері

«Бүгін Павлодар қаласында жағажай футболынан кезекті Суперкубок турнирі өтіп жатыр. Мұнда Жетісу облысының «Малайсары» және Павлодар қаласының «Арман» командалары кездесуде. Турнир үш жеңіске дейін жалғасады. Таңертең алғашқы матч өтті, онда «Малайсары» командасы жеңіске жетті. Қазір екінші матч өтіп жатыр, оның қорытындысы бойынша үшінші ойынның қажет-қажет еместігі белгілі болады. Сонымен қатар бұл Суперкубоктың дәстүрлі түрде Павлодар қаласында тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өткім келеді. Тамаша локацияда, әдемі аренада өтіп жатқан бұл жарысқа қарап, Павлодарды жағажай футболының астанасы деуге болады. Қазір осы спорт түрін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл Қазақстан құрамасы Еуролиганың «А» дивизионында өнер көрсетеді.

Екінші матчта да ойын тізгіні екі команда арасында алма-кезек ауысып отырды. Павлодарлық клуб соңына дейін қарсылық танытқанымен, қарсылас команда өз басымдығын сақтап қала алды. Жанкүйерлер нәтижелі ойынмен қатар, алаңдағы нағыз спорттық рух пен тартысқа куә болды.

Берік Өмірбаев, Қазақстан футбол федерациясының менеджері

«Бұл бәсекеде екі команда өнер көрсетіп жатыр. Суперкубок иегері ауыспалы трофеймен марапатталады. Сонымен қатар командаға мәңгілік сақтауға арналған кубок табысталады. Ойыншылар алтын медальдармен, дипломдармен және грамоталармен марапатталады».

Қос кездесудің нәтижесінде Жетісу облысының «Малайсары» командасы жағажай футболынан Қазақстан Суперкубогының иегері атанды. Ойын 5:3 және 5:4 есебімен аяқталды. Ал турнирдің үздік ойыншысы болып «Малайсары» клубының футболшысы Мехди Ширмохаммади танылды.

Дильназ Қуанышбекқызы