Әскери бөлімде қару-жарақ пен автомобиль техникасына жыл сайынғы техникалық байқау жүргізілуде. Әскери қызметшілер үшін бұл – ең маңызды жоспарлы тексерулердің бірі. Өйткені бөлімшенің жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығы осы тексерудің нәтижесіне тікелей байланысты.

Әскери сап алаңына ондаған техника қатарға қойылған. Олардың арасында ауыр жүк көліктері – «Урал» мен «КамАЗдар», сондай-ақ арнайы мақсаттағы автокөліктер бар. Әскери мамандар қозғалтқыштардың, жүріс бөлігінің, электр жабдықтарының және байланыс құралдарының жай-күйін тексеруде. Күнделікті қызметтік міндеттерді орындауда пайдаланылатын техниканың жарамдылығына ерекше назар аударылады. Тексеруге дайындық жұмыстары алдын ала басталады. Экипаждар көліктерге техникалық қызмет көрсетіп, кузовтарының сыртын жаңартады, жабдықтар мен құжаттарды ретке келтіреді. Әскери қызметшілер үшін бұл жай ғана рәсім емес, бөлімшенің жауынгерлік әзірлігінің маңызды бөлігі.

Еркебұлан Ерланов, 6679 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары

Әскери бөлімнің автопаркінде негізінен «Урал-4320» және «КамАЗ-43215» автокөліктері бар. Сонымен қатар жақында басшылық құрамына арналған «Туксон» көліктері келіп түсті. Бұдан бөлек, сотталғандарды тасымалдауға арналған арнайы техникаларымыз да бар.

Тексерудің жеке кезеңдерінің бірі – радиобайланыс құралдарының жұмысын бақылау. Мамандар радиостанциялардың қызметін, сигнал сапасын және құрылғылардың өзара байланысын сынақтан өткізеді. Бұл салада тіпті болмашы ақауға жол берілмейді. Себебі байланыс жүйесі нақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі тиіс.

Еламан Құсайын, 6679 әскери бөлімінің бөлімше бастығы

Бізде мұндай тексерулер жыл сайын өткізіледі. Бөлімдегі барлық радиостанциялар тексеріледі. Жаңа ғана рациялардың қалай жұмыс істейтінін, бір-бірімен байланысқа шыға алатынын тексеріп шықтым. Алдымен аккумуляторды алып тастаймыз, содан кейін антеннаны шешеміз. Қайта жинау кезінде алдымен антеннаны, содан соң аккумуляторды орнатамыз. Арнаны қосып, байланысқа шығамыз.

Тексеру қорытындысы бойынша комиссия техниканың техникалық жағдайын және жеке құрамның оны пайдалануға дайындығын бағалайды. Өйткені армияда техниканың сенімділігі – тек тәртіптің ғана емес, қауіпсіздіктің де маңызды кепілі.