Павлодарда ерекше қажеттілігі бар спортшылар арасында облыстық пара жүзуден жарыс өтті. Додаға Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларынан келген 60-қа жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында қатысушылар 50 және 100 метр қашықтықтарда сынға түсті.
Дәстүрлі жарыстың басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтарды спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру, олардың шеберлігін шыңдап, салауатты өмір салтын насихаттау. Сайысқа тірек-қимыл аппараты зақымданған, көру, есту қабілеті бұзылған және зияткерлік ерекшеліктері бар спортшылар қатысты. Қатысушылар өз мүмкіндіктерін паш етіп қана қоймай, алдағы республикалық жарыстарға жолдама алу үшін де бар күш-жігерін салды.
Гүлмира Айғожинова, бас бапкер
Жарысқа спортшылар төрт санат бойынша қатысып жатыр. Олар – тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті, есту қабілеті және зияткерлік ерекшеліктері бар спортшылар. Өткен жылы біздің құрама жоғары нәтижелер көрсетті. Қазақстан спартакиадасында алғаш рет жүлделі үшінші орынға ие болдық. Сонымен қатар бір күннің ішінде 15 медаль жеңіп алдық. Былтыр спортшымыз эстафеталық жүзуден республикалық деңгейде алтыншы орын алды. Биыл да спортшыларымыз жақсы дайындықтың нәтижесінде спорттық разрядтарын орындап, ересектер арасындағы жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Алда Талдықорған қаласында өтетін жастар арасындағы жарыстарға қатысамыз. Сол бәсекеде де жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенеміз.
Өңірде параспорт қарқынды дамып келеді. Жүзу спортымен айналысатын ерекше қажеттілігі бар спортшылардың қатары жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар медальдармен және дипломдармен марапатталды. Енді олар облыс намысын республикалық деңгейдегі бәсекелерде қорғайды.
Дильназ Қуанышбекқызы