Павлодар облысында мектепке дейінгі бүлдіршіндердің шығармашылығын дәріптейтін дәстүрлі «Бүлдіршін» фестивалінің гала-концерті өтті. Сахнада ән айтып, би билеп, көркем сөз оқыған кішкентай өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Фестивальге облыстың үздік балабақшалары мен мектепалды даярлық сыныптарының тәрбиеленушілері қатысты.

«Бүлдіршін» облыстық фестивалі – мектеп жасына дейінгі балалар арасындағы ең ауқымды шығармашылық байқаулардың бірі. Жоба жас таланттарды анықтап, балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Фестиваль бірнеше кезеңнен тұрды. Байқау қорытындысы бойынша 69 жас өнерпаз жеңімпаз және жүлдегер атанып, облыстық кезеңге өтті.

Биылғы гала-концертке 29 мектепке дейінгі ұйымнан 353 бүлдіршін қатысты. Кішкентай өнерпаздар вокал, хореография, балалар оркестрі және көркемсөз жанрлары бойынша өнер көрсетті. Олардың қатарында Екібастұз қаласынан келген №8 балабақшаның тәрбиеленушілері ән айту бағытынан келді.

Балалардың өнер көрсетуіне бірнеше ай бойы дайындық жүргізілген. Бірі әсерлі биімен ерекшеленсе, енді бірі мәнерлеп оқуда шеберлігін көрсетті.

Мұндай фестивальдер балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, олардың сахна мәдениеті мен өзіне деген сенімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталады.

Сабина Жолдаспаева