Павлодарда сұмдық жағдай. 30 жастағы келіншекті күйеуі тапа-тал түсте көшеде пышақтап өлтірмек болды. Ол әйелінің жүрек тұсына 5 рет пышақ сұғып, қашып кеткен. Абырой болғанда, жәбірленуші аман қалды. Қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер жағдайы қалыпты екенін айтады. Ал зардап шегуші өзін пышақтап тастаған күйеуінің қатаң жазалануын сұрайды. Өйткені, бұған дейін де оны өлтірем деп қорқытса керек. Алайда, тәртіп сақшылары тек айыппұлмен ғана шектеліпті.


Айдана Әбдірахманованың 3 баласы бар. Үйленгендеріне 2 жылдан енді ғана асыпты. Бірақ, бір айдан бері бірге тұрмаған. Несие мен қарыз қысқандықтан жалғыз басты ана балаларын асырау үшін 6 айлық сәбиін тастап жұмысқа шығыпты. Сол күні оны күйеуі аңдып, пышақтап өлтірмек болады.

Айдана Әбдірахманова, жәбірленуші:

Күйеуім жұмыс істемейтін. Бірде бар, бірде жоқ. Ал, қарыз бен несие көп. Оның үстіне балаларымды асырау керек. Амалсыз жұмысқа шықтым. Жұмысқа шыққанымды қызғанып, ішімдік ішетін. Содан кейін, келіп айғай-шу шығарады. Амалсыздан полицияға арыз жаздым.

Әйелдің шағымынан кейін сот оған жақындамау туралы шешім шығарған. Алайда, бұны да елемеген күйеуі әйелін қорқытып үркітуге көшкен.

Айдана Әбдірахманова, жәбірленуші:

Қараша айының 7-сі күні ажырасу туралы өтініш жаздым. Ал, тура 10 күннен кейін күйеуім мені аңдып тұрып пышақтады. Ол кезде жұмыстан шығып, телефонмен сөйлесіп келе жатқанмын. Бірден полицияға хабарласып, жедел-жәрдем шақырттым. Бетімді, қолымды, иығымды, жекемді бәрін тілгілеп тастады.

Зардап шегуші көп қан жоғалатқан. Қазір ауруханада жатыр. Әлі бірнеше күн ем алуға тура келеді,-дейді ақ халаттылар.

Ерлан Жағыпаров, Павлодар қалалық №1 аурухананың бөлім меңгерушісі:

Науқастың қазіргі жағдайы қалыпты. Өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Өздігінен жүріп тұра алады. Тек жарақаттың ауырсынуы бар.

Бұдан бөлек, Айдана Әбдрахманова осы іске қатысты полиция қол қусырып отыр деп шағымданады. Тек айыппұлмен ғана шектеліпті.

Әсет Асқаров, Павлодар қалалық орталық полиция бөлімінің бастығы:

Н.Назарбаев даңғылында орын алған факті бойынша қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кету керек, күні кеше Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында осыған ұқсас оқиға орын алған. Ер азамат өз әйелін атып өлтірген. Елдегі заңгерлер осыған байланысты дабыл қағуда. Олар әйелдердің құқығы тиісті деңгейде қорғалмай жатқандығын айтады.


Зұлқарнай Ермұратұлы