Мемлекеттік қолдау – кәсіпкерлікке көмек
Кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары мен қаржыландыру жолдары туралы сұрақтар «Даму» қорының Ашық есік күнінде жан-жақты түсіндірілді. Бұл бағыттағы тиімді қолдау шаралары мен олардың шарттары жайында – келесі сюжетте.
Іс-шара барысында кәсіпкерлер «Даму» қоры, екінші деңгейлі банктер, әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және өзге де мекемелердің мамандарынан тікелей кеңес алды. Ал кездесудің басты тақырыбы мемлекеттік қолдау тетіктері мен оларға қол жеткізу шарттары болды.
Мадина Баденова, «Даму» қорының Павлодар облысы бойынша бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бас менеджері
Бүгінгі бағдарламалар — бұл «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы, субсидиялау бағдарламасы және кепілдік қоры бағдарламалары. Бұл ретте 7 миллиард теңгеге дейінгі №1 кепілдік қоры және 7 миллиард теңгеден асатын №2 кепілдік қоры қарастырылған. Бүгін біз ашық диалог форматында жұмыс істедік. Кәсіпкерлерге қандай қолдау шаралары бар екенін, оларды қалай пайдалануға болатынын түсіндірдік. Және кез келген кәсіпкер – жеке кәсіпкерден бастап ЖШС-ге дейін осындай қолдау шараларын ала алатынын жеткіздік.
Ең танымал бағдарламалардың бірі – кепілдендіру. Кәсіпкердің несие алуына кепіл мүлкі жетіспесе, банк алдындағы міндеттемелердің бір бөлігін «Даму» қоры өз мойнына алады.
Мадина Баденова, «Даму» қорының Павлодар облысы бойынша бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бас менеджері
Кәсіпкерлер жиі бетпе-бет келетін қиындықтың бірі – кепіллік мүліктің жетіспеуі немесе қолдағы бар мүліктің бұрыннан несиеде болуы. Дегенмен бұл тығырықтан шығудың жолы бар: екінші деңгейлі банктер арқылы бизнеске қажетті кепілдік алуға болады. Мәселен, «Даму» қоры 7 миллиард теңгеге дейінгі қарыздың 85 пайызына дейін кепіл болуға әзір.
Кәсіпкерлерді түрлі сұрақ қызықтырады. Басым бөлігі бизнесті кеңейту мүмкіндіктері мен айналым қаражатын толықтыру туралы және несиені төмен пайыздық мөлшерлемемен қалай алуға болатынын білгісі келді.
Бибігүл Нұралинова, кәсіпкер
Мен шағын сұлулық салонын басқарамын. Сондықтан қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған осындай ерекше жиынға арнайы келдім. Барлық ақпарат қызықты әрі түсінікті түрде айтылып, көңілімнен шықты. «Даму» қорымен бұған дейін де жұмыс істегенмін. Өзіме ұнаған соң, бұл жолы да тың ақпарат алу үшін қатысып отырмын.
Облыс көлемінде өткен Ашық есік күніне 185 кәсіпкер қатысты. Олар бизнесті жүргізуге қатысты барлық сұрағына мамандардан нақты жауап алды.
Жұлдыз Қабылденова