«Таза Қазақстан»
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңірде жалпыоблыстық сенбілік өтті. Шара барысында Ертіс өңірінің жасыл қоры да толықты. Мәселен, Павлодардың Усолка шағын ауданында ұсақ жапырақты жөке ағаштарынан тұратын 60 түп жаңа аллея пайда болды. Ағаш отырғызу жұмысына облыс әкімі Асайын Байханов та қатысты. Толығырақ тілшілеріміздің материалында.
Облыс орталығының көшелерінде жаңа отырғызылған жөке ағаштары қала тұрғындарына бұрыннан таныс. Соңғы үш жылдың өзінде мұнда шамамен 820 ағаш отырғызылған. Мұндай жұмыстар Павлодардың жасыл қорын біртіндеп жаңартуға мүмкіндік береді. Себебі қаладағы көптеген ескі ағаштардың жасы ұлғайып, кейбірінің отырғызылғанына 60 жылға жуықтаған.
Татьяна Пономарева, «Берегиня-био» қоғамдық қорының биолог-маманы
Қалада ағаштар өзінің эстетикалық және экологиялық құндылығын жоғалтқан үлкен аумақтарды көріп отырмыз. Солардың орнына ірі ағаштар отырғызамыз. Олардың басты артықшылығы – өте тез өнімділікке ие болады және 2–3 жылдың өзінде экологиялық жүктемені атқара алады.
Маманның айтуынша, жаңа отырғызылған ағаштардың барлығы жақсы жерсінуі тиіс. Егер аллеядағы көшеттердің кейбірі алғашқы маусымнан кейін қурап қалса, мердігер оларды өз қаражаты есебінен жаңасына ауыстырады. Өңір басшысы мұндай жұмыстарды тек Павлодарда ғана емес, облыстың басқа да қалаларында жүргізу маңызды екенін атап өтті.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Екі қаламыз бойынша мәселе бар. 2027 жылы осындай жұмысты ол жақта да бастағымыз келеді. Бұл Ақсу үшін өте маңызды. Себебі бұл қала да Павлодар секілді 50–60 жылдары қарқынды салынған. Сол жылдары ағаштар да қарқынды отырғызылған, олардың көпшілігі қазір биологиялық жасына жетті. Ойлану керек. Ақсуда, бәлкім, кеңес өткізіп, дендроплан әзірлеп, ағаштардың санын есептейміз.
Облыс орталығында күздің соңына дейін тағы 635 түп жөке ағашын отырғызу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Усольский шағынауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының екінші бөлігі – жағалау аумағын тазарту жұмыстары өтті. Оған мыңға жуық адам қатысты. Асаин Байханов қала тұрғындарымен тілдесіп, оларды алаңдатқан мәселелерді білді және тұрғындармен бірге аумақты аралап көрді.
Валентина Емельянцева, Павлодар қаласының тұрғыны
Бұл біз үшін қаншалықты маңызды екенін елестете де алмайсыз. Біз жастарға үлгі көрсетеміз: қоқыс тастамау керек, табиғатты қорғау қажет. Кеше Германиядан жиенім келді, ол қалада 20 жыл болған жоқ. Павлодардың тазалығына таңғалды. Мұны есту өте жағымды болды.
Жалпы, Павлодар тұрғындары бірлесіп, шамамен 350 тонна түрлі қоқыс жинады.
Ақсу
Одан кейін Асаин Байханов Ақсу қаласына барып, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында еріктілер болашақ саябақтың аумағына жас көшеттер отырғызды. Ағаш отырғызу жұмысына облыс әкімі де қатысты. Тұрғындармен бірге ағаш отырғызып, қала тұрғындарымен тілдесті. Мұнда барлығы 30 терек, 65 шырша және 20 қарағай отырғызылды. Көшеттерге тыңайтқыштар мен қосымша қорек берілетіндіктен, олардың жерсіну көрсеткіші жақсы болады деп күтілуде. Қазан айында жасыл қор тағы 300 қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшетімен толықтырылады. Ал саябақтың құрылысы қазірдің өзінде 85 пайызға аяқталған.
Одан кейін өңір басшысы Ақсу жағалауына барып, жергілікті сенбілікке қатысушылардың жұмысымен танысты. Металлургтер мен энергетиктер қаласында тазалық жұмыстарына шамамен 1500 адам және 50-ге жуық ұйым қатысты. 30 арнайы техника жұмылдырылды. Күн соңына дейін қала аумағынан шамамен 200 тонна қалдық шығарылды.
Бақберді Қағабаев, Ақсу қаласының тұрғыны
Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында осы бастамаға қосылып, жағалауда тазалық жұмыстарын жүргізуге, өз үлесімізді қосып, қоғамға пайдалы іс жасауға шешім қабылдадық. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау маңызды. Әсіресе табиғатта ұзақ уақыт ыдырамайтын қоқыстардан тазарту керек.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Ертіс өңірінің 200 мыңнан астам тұрғыны қатысты.
Самал Қалиқызы