Павлодарда 1 желтоқсаннан бастап қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің жаңа тарифі енгізіледі. Электрондық билетпен жол ақысын төлейтіндер үшін құны өзгеріссіз қалады. Яғни қазіргідей 80 теңге төлейді. Мұнда арнайы көлік картасымен, ұялы телефоннан "Avtobys" қосымшасы арқылы, сондай-ақ Kaspi QR көмегімен төлем жасауға болады. Бүгінде тұрғындар облыс орталығындағы қоғамдық көліктермен қатынау үшін көлік картасымен де, қолма-қол ақшамен де 80 теңге төлейді. Ал келесі аптадан бастап кондукторлар картасы жоқ адамдардан 130 теңге алуы тиіс. Бұл ретте зейнеткерлер жол ақысын қолма-қол ақшамен өтесе, қазіргі 40 теңгенің орнына 65 теңге төлеуге міндеттеледі.


Салтанат Әкімбекова, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Электрондық билетті пайдалану кезінде төлем өзгеріссіз қалады. Яғни 80 теңге. Зейнеткерлер құқығын растайтын құжатты немесе жеңілдік көлік картасын көрсету бойынша жеңілдікпен жүре алады. Қолма-қол ақшамен 65 теңге болады. Мұндай тариф өзге қалаларда бірнеше жылдан бері жұмыс істейді.


Аяулым Рахымжанова