Өнерлінің өрісі ұзақ. Оқушылар сарайында «Мен өз елімнің патриотымын» атты макеттер байқауы өтті. Өнер додасында аймақтың 10 ауданынан келген қатысушылар бақ сынасты. Зеректілік пен ептілікті қажет ететін көркем туындыларды тілшіміз көріп қайтты.

Оқушылар сарайында тізбектелген макеттер ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Аталмыш байқау Павлодар облысының 85 жылдығына орай өткізіліп отыр. Байқаудың мақсаты - өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыру. Мұндағы қатысушылар туған мекендерінің көрнекі жерлерін макет ғып жасаған. Шешуші кезеңге жеткен 30 оқушы 300 қатысушының арасынан іріктеліп алынды. Өнер шеберлігі сынға түскен сайысқа 8-12 және 13-18 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Макет жасау үшін әртүрлі материалдар мен технологияларды қолдануға рұқсат етілді. Байқауда мешіт, елордадағы хан шатыр, тіпті белгісіз солдат макетін де көруге болады.

Макеттер тізілген залда орталық мешіт, қала тұрғындарына белгілі сағат, басқа да көрнекі орындардың үлгісі бар. Кітапхананы да көзіміз шалды. Саусағынан өнер тамған Иса бұл жұмыс дауындауға біршама еңбектенген.

Байқаудың ерекшелігі қатысушылар туындыларын ұсынып қана қоймай, онымен таныстыруы тиіс. Жұмыстардың ең үздігін анықтау оңайға соқпасы анық, дейді қазылар алқасы.

Шара барысында қазылар алқасы І,ІІ,ІІІ орын және бас жүлде иегерлерін анықтады. Байқауда топ жарғандар алғыс хат және грамоталармен марапатталды.

Ақмаржан Қалымбек