Тарихы мен тағылымы мол Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның құрылғанына 85 жыл толды. 1938 жылы 20 шәкіртпен бастау алған білім ошағының бүгінгі тынысын алдағы сюжетте ұсынамыз.

Қазақ білімінің қара шаңырағы Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның ғасырға жуық тарихы бар. 1930 жылдан бастап бұл мекеме жұмыскерлердің балаларына арналған мектеп болған. 1937 жылдың 23-маусымында Павлодар аудандық атқару комитетінің пленумында қазақ мектебін ашу жөнінде қаулы қабылданады. Осылайша ұлт ұясына айналған қалада алғашқы қазақ мектебінің іргесі қаланды.

Соңғы он жылдың ішінде оқушылары 29 халықаралық, 15 республикалық олимпиаданың жүлдесін қанжығасына байлаған, кейінгі 20 жылда 100-ден аса Алтын белгі иелері түлеп ұшқан озық білім ордасы. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен заманауи стандарттағы гимназияда 600-ден аса оқушы білім алады.

Оқу ордасының рухты ұстаздары Абайдың талай ізбасарларына білім нәрін сусындатқан. Бүгінде гимназия ұжымы ел дамуы үшін қызмет етіп жүрген түлектерімен мақтанады. 85-жылдық мерей той қарсаңында білім ошағының төрінде ұлт тәрбиесі мен біліміне өлшеусіз үлес қосқан педагогтар мен талапты оқушылардың дара жолына арналған «Мектептің тарихи аллеясы» ашылды.

Салтанат Шоқанова, дарынды балаларға арналған гимназияның ағылшын тілі пәні мұғалімі:

85 жылдыққа орай арналып мектебімізде педагог мұғалімдерге арналған музей ашылды. Мына жерде ең бірінші мектеп тарихымен танысуға болады. Бұл мектептің түлектері өзінің білімін әр түрлі ғылыми жобалар сайысында, олимпиадаларда көрсетіп, жеңімпаз атанған алтын белгі иегерлері.

85-жылдық мерейтойдың құрметті қонақтары мыңдаған жас ұрпаққа білім берген ардагер ұстаздар болды. Ұлағатты жандарға ыстық лебіз, мәртебе көрсетілді.

Шәрбат Жұмаділова, ардагер ұстаз:

Ардагер ұстаздарды және дәл бүгін жұмыс істеп жатқан ұстаздарды, біздің мектепті басқарып, басшылыұ қызмет атқарған ұстаздардың барлығын бүгінгі мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Мереке құттықтаймын. Дарынды ұстаздар мен дарынды оқушылардың еңбектеріне жеміс тілеймін.

Ең үздік жаңашыл мектеп деп танылған білім ордасында үнемі ізденіс, даму сатысындағы білікті ұстаздар қызмет етеді. Салтанатты шарада педагогтар қауымы арнайы марапаттарға ие болды.

Мөлдір Сағидолла