Павлодарда робототехника бойынша республикалық турнирдің қалалық кезеңі өтті. Оған 4-11 сынып оқушылары қатысты. Барлығы 164 қатысушы роботтарының мүмкіндігін сарапқа салды.

«ROBOTEK GRAND TOURNAMENT» деген атаумен өткен турнирде қаланың 30 мектебінен 164 қатысушы сынға түсті. Аталған шараға 82 команда қатысты. Мақсат – шығармашылық, әрі зияткерлік қабілеті бар оқушыларды қолдау.

Алихан Тайченов, қатысушы:

Біз көп істейміз осындай роботтарды. Мында пайдалы ақпараттар да көп. Роботтарды жақсы білеміз. Көп адамдармен таныстық. Маған бұл ұнайды.

Турнир 7 бағыт бойынша өтті. Жас ізденімпаздар «Кегельринг квадро», «Робо-сумо», «Лабиринт», «Эстафета», «Сызық бойынша жарыс», «Биатлон – кіші санат» және «Биатлон – аға санат» бағытында өткен додаға үлкен дайындықпен келген.

Ақмарал Мұхаметжанова, «Павлодар дарыны» орталығының басшысы:

Заманның талабы ғой роботехниканың дамуы. 21 ғасырдың жаңалығы деп ойлаймын. Осындай жаңашылдыққа балалардың қызығушылығы артса деймін. Балалар жаңашылдыққа құштар болады ғой. Сондықтан біз қуаныштымыз жылдан-жылға балаларымзды бағдарлауға, робототехникаға қызығушылықтары арта түседі.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталды. Жеңімпаздар ақпан айында өтетін облыстық кезеңге жолдама алды. Бой көрсеткен командалардың көрсеткіші сарапталып, қала мектептері арасында ең мықтылардың рейтингі жасалады.

Ақмаржан Қалымбек