Павлодарда Ұлттық лиганың ерлер командалары арасында волейболдан ел чемпионатының үшінші туры аяқталды. Байрақты бәсекеге 7 команда қатысты. Павлодарлық спортшылар нешінші орынды тізгіндеп келеді?

Павлодарлық волейболшылар төрт ойында жеңіске жетіп, үш рет жеңіліске ұшырады. Негізі бәсекелестік Атырау көшбасшылары және Алматыдан келген Буревестникпен өрбіді. Жерлестеріміз петропавлдық қарсыластардан жеңіліс тапты.

Виктор Медведев, бас төреші:

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, алғашқы үш орында Атырау, Алматы Буревестник және Павлодар командалары көш бастап тұр. Ойын қызу өтіп жатыр. Командалар сәл шаршап қалды. Есіл-Атырау командалары есте қаларлықтай ойын көрсетті. Есіл 3-1 есебімен жеңіске жетті. Бұл сенсация болды.

Спортшылардың тартысты ойынын көруге «Павлодар» клубы алаңына жанкүйерлер ағыла келді. Солардың бірі Иван Кнутас. Ол соңғы екі жыл ішінде ұжымның айтарлықтай өзгергенін байқаған.

Иван Кнутас, жанкүйер:

Өткен жылдары біздің волейбол құлдырап бара жатқан еді. Соңғы екі жылда команданың деңгейі жақсарды. Бұған жаңа жаттықтырушының келуі себеп болды. Ол кісіні Тараз командасының жаттықтырушысы болған кезінен білемін. Біздің команда қазір үшінші орында. Сондықтан жаттықтырушыға үлкен үміт артылды. Командаға кейбір ойыншылар қайтып келді, тағы бірнеше жақсы спортшы келсе, бірінші-екінші орынға ие болып да қалармыз.

Команданы қолдауға келген жанкүйерлер арасында жас воллейболшылар да бар. Мейіржан Иманғазы өз мектебінің командасында ойнайды. Жас спортшының сөзінше, үшінші турдағы ең ауыр жеңіліс тай-брейкте болды.

Мейіржан Иманғазы, жанкүйер:

Мен павлодарлық спортшыларға қолдау көрсетуге келдім. Үш-екі ұпайымен жеңіліс көрген ойын барлығымызды қынжылтты. Одан да жақсы ойын көрсетуге болатын еді, сенімділік жетпей қалды.

Үш турдың қорытындысы бойынша павлодарлық волейболшылар әлі де үшінші орынды тізгіндеп келеді. Ақпан айында чемпионаттың 4-ші туры Атырау қаласында өтеді.

Ақмаржан Қалымбек, Ермек Сапаров