Павлодар облысының шаруаларына көктемгі егіс жұмыстары үшін арзандатылған дизель отыны беріліп жатыр. Ақпан айында 60-тан аса тауар өндіруші жанармай алған. Литрі - 196 теңге. Қазір 23 мың 800 тонна қор дайын тұр. Мамандар сұйық отын өтінім бойынша үлестіріледі, биыл тапшылық болмайды деп сендіріп отыр.
Сұйық отынды жеткізумен екі оператор айналысады. Бүгінде 67 шаруа 2400 тонна арзандатылған жанармай алды. Өтініштердің басым бөлігі Железин, Тереңкөл және Ертіс аудандарынан түскен. Баянауыл, Май және Аққулы шаруаларынан екі-екі өтінімнен қабылданды.
Ерғанат Әубәкір, ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы:
Осы жылы Қолдау сайтының жабылуына байланысты өтінімдер қағаз түрінде қабылданып жатыр. Тауар өндірушілер аудан әкімдіктеріне жүгініп, өтінім жазу керек. Қазіргі уақытта наурыз айына өтінімдерді қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. 8000 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Астықты өлке үшін арзандатылған жанармай аса маңызды. Өткен жылы 1300 тауар өндіруші мемлекеттік қолдау алған. Сала мамандары бірінші кезекте Тереңкөл, Железин, Ертіс, Успен және Шарбақты аудандарының диқандарына дизель отыны бөлінеді дейді.
Ерғанат Әубәкір, ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы:
Бұл жерде қазір кімнің қаражаты дайын сол алып кете алады. Бастапқыда жоспар бойынша наурыз, сәуір, мамыр деп қоятынбыз. Қазір ақпан айынан беріліп жатыр.
Мемлекеттік қолдау бәріне бірдей үлестірілмейді. Осылай деген шаруалар жылда арзандатылған жанармайдың жоқтығына шағымданады. Ал, жауаптылар биыл тапшылық болмайды дегенді алға тартты.
Ерғанат Әубәкір, ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы:
Арзандатылған дизель отыны егін егетін шаруашылықтарға ғана беріледі. Шөп шабатын немесе жем-шөп тасымалдайтын шаруашылықтарға дизель өтіні бөлінбейді. Еккіншіден, оларға жеке бөлінеді. Дизель отыны егін егу жұмыстарына арналған тікелей мақсаты сол.
Биыл Павлодар облысында көктем кезінде 1 млн 316 мың гектар аумаққа астық себілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың га артық. Сол себепті де бөлінетін арзандатылған жанармайдың көлемі 2000 тоннаға артты.
Аяулым Рахымжанова