Майқайың 2-ші орта мектебіне Қазақстан Республикасының қайырымдылық елшісі, Гиннестің рекордтар кітабына бірнеше рет енген рекорд иесі және бірегей «1 000 ауыл» жобасының авторы – Сергей Цырульников барды. Мейман оқушылармеен, ауыл жастарымен кездесіп,жоба туралы айтты.
Оқушылардың көз алдында Сергей Цырульников фантастикалық фильм кейіпкеріндей тағандарды майыстырып, шегелерді түйінге айналдырып, резеңке жылытқышты шардай үрлеп көрсетті. Алайда бұл жолғы сапардың басты мақсаты – тек таңғалдыру емес. Ең бастысы – балаларға сенім ұялату, шабыт беру және спортпен айналысуға мүмкіндік жасау еді. Осылайша мектеп жаңа спорттық құрал-жабдықтарға ие болды. Ең қуаныштысы – бұл бәрі мемлекеттік бюджеттен және халықтан қаражат тартылмай жүзеге асты.
Сергей Цырульников, Қр қайырымдылық елшісі, Гиннес рекордтар кітабының дүниежүзілік рекорд иесі
Біз ауылдарға барып, жастармен жұмыс істейміз. Негізгі бөлігі – мотивациялық жұмыс. Бұл – еліміздің тарихы, батырлардың тарихы, жастарды шабыттандыру, сұрақ-жауап және, әрине, материалдық көмек – біз мектептерге көмек көрсетеміз, оларды спорттық жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Себебі біздің жастар спортқа толық қол жеткізе алуы керек. Эмоция өте көп, әр ауылдың өз тарихы, өз жастары бар. Павлодар облысын ерекше атап өткім келеді, біз бұл өңірге бұған дейін де келгенбіз. Бұл жолғы шараны ұйымдастырған – осы ауылдан шыққан достарымыз. Материалдық көмек – сол жерлестеріміздің демеушілігімен жүзеге асты. Бұл өте қуантады – өз ауылынан шыққандар туған жерін ұмытпай, көмек қолын созуда.
«1000 ауыл» жобасын қайырымдылық елшісі өзі бастаған. Бүгінде бұл жоба Қазақстан бойынша 139 елді мекенді қамтыды. 70 мыңнан астам ауыл баласы спортқа тартылды. Жоба толығымен жанашыр жандар мен меценаттардың көмегімен іске асып отыр.
Майқайың №2 мектебінің директорының пікірінше, мұндай кездесулер балаларда тек спортқа қызығушылық емес, сонымен қатар рухтың мықтылығы, табандылық, мақсат қоя білу және соған жету қабілетін тәрбиелейді.
Қоштасарда – естелік суреттер, қолтаңбалар, қол шапалақтар және ерекше қазақ дәстүрі – тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл – баланың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.
«1000 ауыл» жобасы – бұл тек мектептерге көмек емес. Сергей Цырульниковтың айтуынша, бұл – Қазақстанның болашағына қосылған үлес.
Сергей Цырульников, Қр қайырымдылық елшісі, Гиннес рекордтар кітабының дүниежүзілік рекорд иесі:
Мен әрдайым жастарды оқуға шақырамын. Себебі қазіргі заманның жастары – ең алдымен білімді және спортпен шұғылданатын адам болуы тиіс. Президентіміз айтқандай, қазіргі жастар – бұл болашақ Қазақстан. Сондықтан мен жастарға тілдерді үйренуге, интеллектуалды дамуға баса назар аударуға кеңес беремін. Ал спорт – әрбір жас қазақстандықтың өмірінің ажырамас бөлігі, ол дұрыс тұлға болып қалыптасуға және денсаулығын өмір бойы сақтауға көмектеседі.
Шабыттандыру, білім беру және көмек көрсету арқылы «1000 ауыл» жобасының авторы – еліміздің ең шалғай ауылындағы әр бала өзін қолдауға лайық екенін, өз күшіне сеніп, үлкен болашаққа ұмтылуы керек екенін дәлелдеп жүр.
Дильназ Қуанышбекқызы