Павлодарлық еріктілер қайықпен Ертіс өзенін қоқыстан арылтты. Дәстүрге айналған экологиялық шараға жастармен қатар зейнеткерлер де қатысты. Толығырақ тілші сюжетінде.
Жаз бойы Павлодар қалалық әкімдігінің қолдауымен «Павлодар география үйі» мен «Жасыл ел» жасағы бірлесіп Ертіс жағалауын қоқыстан тазалайтын экологиялық акция өткізіп келеді. Кезекті шара барысында қайыққа отырған еріктілер өзен бойын жинап қалған қоқыстан тазалады.
Александр Вервекин, «Павлодар география үйі» ҚҰ директоры
Жоба үлкен, пайдалы. Жоба аясында экспедициялар, жүзулер болады. Жастар біріншіден фото-видео фиксация жасайды, екіншіден қоқыс жинайды. Біз көбінесе адам аяғы жетпейтін аумақтарға барамыз. Тоғайларға, жағалаулар, аралдарды тазалаймыз. Бүгін де Ертіс өзенін тазалаймыз, бірақ қаланың бойымен өтеміз.
Шараның негізгі мақсаты – Ертіс өзені бойын тазартып қана қоймай, жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру. Себебі біздің қоғамда қоршаған ортаны құрметтеу, аялау, қоқыс лақтырмау мәдениеті әлі өзекті.
Нұрсұлтан Бейсенбаев, «Қазақстан алюминийі» АҚ әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері
Осындай шаралар болғанда қатысып тұрамыз. Бірақ өзім бірінші рет қатысып тұрмын. Бұл экологиялық іс шара. Қалалық әкімдік пен белсенділер ұйымдастырған. Ертістің жағалауын тазалайтын боламыз. Әрине менің түсінгенім бойынша, алдымен қайықта қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Екіншіден қоқыс жинау керек. Экологиялық сауаттылықты арттыру.
Акция басталмай жатып, өзен жағасын тазалау кезінде еріктілер 7 қап қоқыс жинап үлгерді. Жастармен қатар күміс волонтерлар да экологиялық акцияға белсенді қатысты.
Нұрбану Әмірғалиева, «Замандас» ардагерлер клубының директоры
Біз жасы үлкен адамдар зейнетке шыққан бізде неше түрлі клубтар бар. Жүрген жерімізді тазалап жүреміз. Жастарға айтарымыз оларда солай тазалап жүрсін. Бүгінгі шараға қатынасып отырмыз. Бізден 6 кісі бүгін. Жалпы әр адам өзі тұрған үйін тазалауы керек деп алдымызға мақсат қойғанбыз.
Осылайша өзен бойындағы пластик, шыны, ағаш қалдықтар еріктілермен жиналды. Экоакцияға қатысушылар қала тұрғындарына қоршаған ортаны ластамауға шақырады.
Самал Қалиқызы