Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықаралық тақырыпқа да тоқталды. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан әлемдік үдерістерден шет қалмайды. Керісінше, аймақтық және жаһандық саясатта маңызды рөл атқарады.

Президент атап өткендей, әр елдің даму жолы бөлек. Бірақ Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықтың маңызды бөлігі. Ел Еуразиядағы стратегиялық орналасуына байланысты халықаралық істерге үнемі атсалысып келеді.

Борис Поломарчук, саясаттанушы

Қазақстан әлемдік оқиғалардан оқшауланбайды. Керісінше, келіссөздерге алаң ұсынады. Президент алдағы уақытта БҰҰ Бас Ассамблеясында ұйымды дамыту жөніндегі өз ұстанымын таныстырмақ. Мемлекет басшысы қазіргі әлемдік тәртіп батыс үлгісінде құрылғанын, бірақ оның күткен нәтижені бермегенін айтты. Қазір жаңа халықаралық жүйе қалыптасуда. Бұл үдерісте Қазақстан сияқты орта мемлекеттердің де өз көзқарасын білдіруге құқы бар. Әр елдің өз даму жолы бар. Әлем өзгеріп келеді. Бұрын мұндай пікірлер еленбесе, қазір жоғары мінберлерде жаңа идеялар айтылып, әлемдік тәртіптің жаңаруына ықпал етуде. Қазақстан да ішкі саясатында осы өзгерістерге бейімделуі қажет.

Президент Жолдауында БҰҰ жаңғырту қажеттігін атап өтті. Әсіресе ұйымның негізгі органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудың маңызына тоқталды.

Сабина Жолдаспаева