Президент Жолдауында экономика, білім беру, жастар саясаты және экология саласындағы міндеттер нақты айтылды.Ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындаған жолдауды Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен қоғамдық ұйымдар тыңдады.

Мемлекет басшысы Алатау қаласын елдің болашағына арналған жаңа жоба ретінде ұсынды. Қалада заманауи технологиялар енгізілмек. Президенттің айтуынша, бұл тек инфрақұрылымдық бастама емес, ол – Қазақстанның жаңа келбетін көрсететін үлгі қала болуы тиіс. Жолдау барысында Мемлекет басшысы жастардың рөлі мен патриоттық сезіміне тоқталды.

Эльдар Захаров, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы жастармен жұмыс жасау маманы

Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан цифрландыру кезеңі мен жасанды интеллект туралы ойы есімде ерекше қалды. Әсіресе, Алатау City жобасы қызық болды. Бұл жерде криптовалюта қолдану, жасанды интеллект көмегімен қаланы басқару сияқты идеялар ұсынылды. Сондай-ақ Президент жастарға да тоқталды. Патриотизм – әрбір жастың өмірінде маңызды рөл атқарады. Өйткені әркім өзін Қазақстан азаматы санайды, еліміздің дамуын қалайды.

Жолдауда айтылған бастамалар ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды. Alatau City жобасы да болашақтың қаласы ретінде технология мен қолайлы өмірді үйлестірмек. Ал жастардың патриоттық сезімі осы бастамаларды жүзеге асыруға негіз болады.

Сабина Жолдаспаева