Халыққа қызмет көрсету орталығында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар және алимент төлеу жөніндегі борышкерлер үшін бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 13 кәсіпорын қатысты. Жұмыс берушілер 200-ден астам бос орын ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде техникалық сала мамандары тапшы. Атап айтқанда, слесарь, токарь, механиктер, инженерлер және қауіпсіздік инженерлері сұранысқа ие.
Бақытжан Болатханова, жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:
Бүгінде жұмыспен қамту орталығына 22 адам жұмыс іздеп келді. Бұл бос орындар жәрмеңкесі аталмыш санаттағы адамдар үшін ұйымдастырылды. Бұған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығы негіз болды. Әрине, бұл санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру қиынға соғады. Себебі барлық кәсіпорын сотталған азаматтарды жұмысқа алғысы келмейді. Алайда жыл сайын жұмыспен қамту орталығы осы санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында кәсіпорындармен меморандумға қол қояды.
Бүгінде жұмыспен қамту орталығы 25 кәсіпорынмен меморандум жасасты. Жәрмеңкеде балабақша мекемелері мен бірқатар кәсіпорын келушілерге жұмыс талаптарын түсіндіріп, бос орындарын ұсынды.
Атап өту керек, бос орындар жәрмеңкесі ай сайын ұйымдастырылады. Жыл басынан бері пробация қызметінде есепте тұрған және алимент бойынша берешегі бар 7 адам жұмысқа орналасты.
Ақмаржан Қалымбек