Өңірде қызылша жағдайы тіркелді. Қазір баланың жағдайы тұрақты. Жұқпалы вирустық инфекцияның белгілері жайында облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері айтып берді.

Қызылша індеті соңғы рет Павлодар облысында 2019 жылы анықталған. Соңғы уақытта көрші елдерде өршіп жатқаны жайында санитарлық дәрігерлер бұған дейін дабыл қаққан еді. Наурыз айының басында дерт 1 жас 8 айлық баладан анықталды. Бала дереу ауруханаға жатқызылып, ем қабылдады.

Қанағат Шақаев, облыстық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің дәрігері:

Баланың жағдайы қанағаттанарлық. Клиникасы регресияға ұшырады. Бала 1,8 ай жағдайы жақсы.

Ақ халаттылар бұны кейбір ата-аналардың күнтізбе бойынша қойылатын екпелерден бас тартуымен байланыстырады. Айтуынша вакцина алған балалар аурудан жеңіл өтіп, тезірек сауығады.

Қанағат Шақаев, облыстық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің дәрігері:

Бұл вакцина алмаған балаларда өте қатты ауыр жағдайда өтеді. Қызылша туралы айтатын болсам бұл бөртпе ауруы. Бұл аурудың өзінің арнайы клиникасы бар. Кейде ата аналар аллергия деп дұрыс өздері диагноз қойып алады да көрсетпеуі мүмкін. Басында температура болады. 39-40 дейін одан кейін балада бөртпе пайда болады.

Аурудың асқынуы адам ағзасының иммунитетіне байланысты болады дейді дәрігерлер. Дұрыс жүргізілмеген емдік шараның зардабы бар.

Қанағат Шақаев, облыстық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің дәрігері:

Ең жаман зардап бұл энцифалит болуы мүмкін. Мысалы қызылшамен ауырып болғаннан кейін бірнеше жылдан кейін кейбір балаларда миінің ганглелерінде кейбір бөліктерінде регрессия бала бір жаққа салдану мүмкін. Бала тұра алмайды, өз өзіне қызмет көрсете алмайды.

Қазір бұл індет көрші елдерде анықталып жатыр. Дәрігерлер қызылша ауруын алдын алу - вакцинация екенін ұмытпаған жөн дейді.

Әйгерім Тоқпанқызы