Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жұлдыз-ай» республикалық фестивалі осымен 8-ші рет ұйымдастырылып отыр. Онда облыстың қала-аудандарынан жиналған талантты жастар өнер көрсетті.
Әртістік өнер, харизма, мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер. Сахна төрінде 70-ке жуық жас талант жиналған қауымға өнерлерін паш етті. Фестивальде балақайлар вокал, хореография, аспап ойнау мен іс-қимыл түрінде ән айтуды еркін және жоғары деңгейде орындап берді. Мұндай байқаулар да балалардың шығармашылығын арттырып, қоғамға еркін бейімделуіне жол ашады.
Айсұлу Ақтасова, Екібастұз қаласы №6 арнайы мектебінің қызметкері:
«Жұлдыз-ай» 2023 республикалық фестиваліне №6 арнайы мектебінен келіп отырмыз. Барлық сайыскерлерге сәттілік тілейміз. Осы мерекені ұйымдастырушыларға көп рахметімізді айтамыз.
Қаламыздағы №7-ші арнайы мамандырылған мектеп интернатының тәрбиеленушісі Әнел Фейлердің жасы 10-да. Бимен бала кезінен айналысады. Әдемі көрініспен арулар биін орындап көрермен қошеметіне бөленді.
Әнел Фейлер, қатысушы:
Мен сахнаға шыққанда уайымдадым. Бірақ барлығы жақсы өтті. Биді ұнатамын. Болашақта би билеймін.
Ән салу бөлімінде әр көрерменнің жүрегінен орын алған талант Нұрлыбек Құрманғалиев. Бүгінде ол ән байқауларында бақ сынап, жеңімпаз атанып жүр. Келешекте әнші боламын деп армандайды.
Нұрлыбек Құрманғалиев, қатысушы:
Көп дайындалдым. Мен үш жастан айтып жатырмын. Анда-мында шақырады ғой, концерттерге. Мен ешкімнен қорықпаймын. Уайым да болған жоқ. Осындай концерттерім жалғаса берсін.
Додадан сүрінбей өткен таланттар жаз мезгілінде елордада өтетін республикалық фестивальде облыс намысын қорғайды.
Мөлдір Сағидоллла