Майқайың кентіндегі Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебінде Баянауыл аудандық Шоң би оқулары өтті. Шараға 50-ге жуық оқушы қатысып, әруақты тұлғаның есімін ұлықтады. Дәстүрге айналған білім мен шешендік, әрі ақындық бәйгенің барысын тілшіміз баяндасын.

Шоң би оқулары жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін көтеру, тарихи сананы қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын әр ауылда өту арқылы Шоң би есімі кеңінен насихатталуда. Биылғы эстафетаны Майқайың кенті қабылдап алды.

Мейрам Нұғыман, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі:

Азаматтарды жастарды әсіресе оқушыларды ұлтын сүюге, барлық мәселеге ұлттық көзқарастан қарайтын жас өскіндерді тәрбиелеу аса қажет.

Ашылу салтанатынан соң елуге жуық оқушы үш секцияға бөлініп, Шоң би оқуларын бастап кетті. Бірінші секция арнау өлеңдер. Бұнда жасөспірім ақындар Шоң би тұлғасын өлеңмен сомдауға тырысты. Ал, екніші секцияда қатысушылар эссе жазып, орамды ойларын қағаз бетіне түсірді. Үшінші секцияда Шоң би өміріне қатысты құрылған тест сұрақтарына жауап берді.

Осылайша қатысушылар берілген уақыт ішінде тапсырманы орындады. Әділқазылар алқасы үздіктері анықтап, салтанатты түрде марапаттады. Әрине, қатысушылардың бәрі де жеңіске лайық. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталды.

Аружан Риза, аудандық Шоң би оқуларының 1-орын иегері:

Бүгінгі Шоң би оқулары тартысты өтті. Аса қиын болды дей алмаймын. Өте ұзақ адйындалдым. Бізге арнау жазып келу керек болды. Ал, осында бір тақырып берілді. Сол тақырып бойынша өлең шығардық.

Жеңімпаз оқушылардың ұстаздары да марапатсыз қалған жоқ. Енді аудандық кезеңнің жеңімпаздары, мамыр айында өтетін облыстық Шоң би оқуларында бақ сынайды.

Жанасыл Серікбол