Еріктілер құтқару дағдыларын дамытуда
Павлодарда «Қазақстанның қызыл ай қоғамының» еріктілері ауқымды жазатайым оқиға кезінде қалай әрекет ету керектігін көрсеткен жаттығу өткізді. Оқу-жаттығу жағдайы шынайы оқиғаға барынша жақындатылды. Сценарий бойынша автобус бір топ жасөспірімді қағып кеткен. Еріктілерге зардап шеккендердің жағдайын жылдам бағалап, алғашқы көмек көрсету міндеті қойылды.
Жаттығу сценарийі бойынша автобус жүргізушісі көлікті басқара алмай, бір топ жасөспірімді қағып кеткен. Оқиға орнында әртүрлі деңгейде жарақат алған бірнеше адам болды. Еріктілерге кімге бірінші кезекте көмек қажет екенін анықтап, зардап шеккендерді санаттарға бөліп, алғашқы медициналық көмек көрсету қажет болды.
Бұл оқу-жаттығуға дейін еріктілер бес күн бойы арнайы дайындықтан өтті. Сондықтан жаттығу олар үшін шағын емтихан саналады. Ұйымдастырушылар командалық жұмысты және топпен дұрыс әрекет ету алгоритмін пысықтауды өздеріне міндет етіп алды. Одан соң әлібетте жылдам әрекет етуді дағдыларын жетілдурі керек. Павлодарда мобильді еріктілер тобы биыл ғана құрылды. Оның құрамына әртүрлі жастағы адамдар кірді. Жаңа, белсенді топ төтенше жағдай кезінде құтқаруға жедел кірісіп, көмек көрсете алады.
Дания Кисимбинова, ерікті
«Маған бұл ұйымның идеясы мен негізгі мақсаты ұнайды. Құндылықтары менің бағытыма жақын. Еріктілікпен айналысып жүргеніме он жыл болды. Еріктілік өмірімнің бөлігіне айналды. Осындай алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тренингтерге қатысуға кеңес беремін. Бұл барлығымыз үшін маңызды. Кейбір жағдайларда жедел жәрдем келгенге дейін адамға көмек көрсету қажет болады.»
Оқу-жаттығуын өткізу үшін жағалау аумағы таңдалды. Өйткені, ол жерге адам көп жиналады. Алғашқы көмек көрсетудің базалық дағдыларын меңгерудің және төтенше жағдайда әрекет ету алгоритмін білудің қаншалықты маңызды екенін сол көпшілік те білуі тиіс.