Әлеуметтік орталықта ашық есік күні өтті
Отбасы – баланы қабылдайтын, түсінетін әрі бар болмысымен жақсы көретін ең ыстық мекен. Алайда бүгінгі күні әр баланың туған-туысының жанында өсіп, отбасымен бірге өмір сүруге мүмкіндігі бола бермейді. Осыған орай, Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталықта «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Онда ата-аналарға балаларының орталықтағы тыныс-тіршілігі көрсетілілді.
«Ашық есік» күні аясында ата-аналар орталықтағы балалар өмірінің қалай ұйымдастырылғанын өз көздерімен көрді. Қонақтарға жатын бөлмелер, ойын және демалыс орындары, асхана, медициналық кабинет, сондай-ақ шығармашылықпен айналысуға арналған бөлмелер көрсетілді.Орталық басшысының айтуынша, мұнда балалардың өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін барынша қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлінеді.
Жанар Тәжікова, арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталықтың басшысы
Балаларды қолдау орталығы өңірлік орталық ретінде 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, зорлық-зомбылықты бастан өткерген және біздің көмегімізге мұқтаж балалар тәрбиеленіп жатыр. Мұнда студенттер де, мектеп жасына дейінгі балалар да, мектеп оқушылары да бар. Балалардың білім алуына да жағдай жасалған. Тұрақты тәрбиеленушілеріміз №14 мектепке барады, ал орталыққа уақытша орналастырылған балалар №4 мектепте білім алады. Биыл алты тәрбиеленушіміз бірінші сыныпқа барды.
________________________________________
Отбасы күніне арналған мерекелік концертті балалардың өздері дайындаған. Сахна төрінде олар ән айтып, би билеп қана қоймай, көрерменге сүйікті ертегілерінің бірінен қойылым ұсынды.
________________________________________
Мерекелік шара барысында ата-аналар да балаларымен бірге түрлі байқауларға қатысып, бір сәтке болсын біртұтас командаға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күннің басты мақсаты – отбасының бала өміріндегі орнын тағы бір мәрте сезіндіру. Өйткені орталық қанша жерден жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырғанымен, ол балаға туған үйдің жылуын, ана мен әкенің мейірімін алмастыра алмайды. Себебі., баланың ең үлкен арманы – өз отбасында, жақындарының жанында өсіп-жетілу.
Жанар Тәжікова, арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталықтың басшысы
Бұл мерекенің басты мақсаты – балалардың бойына отбасы өмірдегі ең басты құндылық екенін сіңіру деп ойлаймын. Біз қандай жағдай жасасақ та, бала отбасында тәрбиеленуі керек. Сонымен бірге ата-аналар да мұны сезінсе екен дейміз. Барлық ата-аналарға, біздің тәрбиеленушілеріміздің ата-аналарына айтар тілегіміз – баласымен қайта қауышып, отбасымен бірге болсын. Ал біз өз тарапымыздан осыған қол жеткізуге көмектесуге тырысамыз. Кеңес береміз, талап-арыз жазуға жәрдемдесеміз. Балалармен психолог та жұмыс істейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды мерекемен құттықтағым келеді. Барлық отбасына амандық пен бақ-береке тілеймін. Әр шаңырақта татулық пен тыныштық болсын. Елімізде бейбітшілік орнап, баршаңызға сәттілік серік болсын!
Бүгінде орталықта жасы да, қызығушылығы мен мінезі де әртүрлі 68 бала тәрбиеленіп жатыр. Әрқайсысының өз арманы, өз әлемі бар. Алайда оларды біріктіретін бір ғана ортақ тілек бар. Ол – отбасында, өзіне жақын жандардың жанында өсіп, бақытты балалық шақты сезіну. Өйткені бала үшін ең жайлы мекен – қандай жағдай жасалған орталық емес, ата-анасының аялы алақаны мен туған үйінің жылуы.
Қымбат Садық