Тұрғындар тілегі орындалды
Ақтоғай ауданында жол құрылысы қарқын алған. Жолболды ауылдық округіне қарасты Шұға ауылының маңында жаңа жол төселді. Толығырақ келесі бейнематериалдан көрейік.
Ескі әрі сапасы нашар автожол жылдар бойы ауыл тұрғындарына қолайсыздық тудырған. Бұл мәселе биыл оң шешімін тауып, ауылға апаратын жиырма шақырымдық жол жаңартылды.
Еламан Аралов, жолболды ауылдық округінің әкімі
«Көктем, күз маусымында жол қатынасы қиындау болатын. Қазір енді халық риза болып отыр. Айтарым – облыс әкіміне, аудандық әкімшілікке қолдағанына рақмет. Жылда көтерілетін мәселе. Мергідер – «Гордорстрой», жақсы мердігер. Қазір бізде де істеп жатыр, Жалаулы ауылында да істеп жатыр, техникалары жетеді. Тез арада үлгеріп жатыр. Жолдың сапасы жақсы, өздеріңіз көріп отырсыздар. Енді еще гарантия бар мердігерді. Жолымызға қуаныштымыз, ризамыз енді.»
Қазір елдімекенде екі жүз отыз төрт тұрғын бар. Олар түрлі шаруамен Павлодар мен Екібастұз қалаларына, аудан орталығы – Ақтоғай ауылына барып тұрады. Бұрын оған біршама сағат қажет болса, қазір жаңа асфальттың арқасында жолға кететін уақыт едәуір қысқарды.
Қабдышаят Шілтібаев, Шұға ауылының тұрғыны
«Жауын-шашында бәрінде қиын, жер езіліп кетеді, саз, балшық, батпақ – бәрін көрсетті, телвизордан көрді ғой кісілер. Енді, міне, бүгінге дейін сонымен күн көріп келдік. Көбіне біз Екібас қаласына барамыз – малды сонда тапсырамыз, тамақты, бәрін содан әкелеміз. Сол қиыншылық көріп өстік, енді, міне, жол келіп, мәз болып жатырмыз. Бұрын 2-3 сағат жүрсек, қазір бір сағатта-ақ жетеміз, бір сағатке жетпейді де кейбіреуі, енді әртүрлі жүреді ғой шопырлар.»
Шұғалықтардың қуанышы бұл жолдың игілігімен шектелмейді. Халық ауылда жаңа әлеуметтік нысандардың бой көтеріп жатқанына да дән риза.
Мейрам Мәуенов, Шұға ауылының тұрғыны
«Облыс әкімшілігіне рақмет, аудан әкімшілігіне рақмет, өзіміздің жергілікті әкімшілігіміз бар – атсалысып, жолымызға үлес қосып жатыр. Еліміз ақырын-ақырын көркейіп жатыр: асфальтымыз келді биыл, оған дейін спортзал кешенін салып берген, су құбыры келді – таза су, медпунктіміз жаңа, енді жасыл футбольный алаң басталып жатыр. Қуанышымыз шексіз, енді ауылымыз көркейе берсін осылай тек. Ел азаматтары аман болсын, осы үлес қосқан азаматтар бар ауылымызда. Барлығы жақсы.»
Маусым айында басталған жұмыстың нәтижесінде қазір ауыл маңындағы жол тақтадай тегіс болып, тиісті жол белгілері орнатылды. Қазір тек бөлу жолағын жүргізу қалды.
Жұлдыз Қабылденова