Негізгі Жаңалықтар Салауатты отбасы

Салауатты отбасы

Баланың болашақта дені сау, белсенді және зиянды әдеттерден аулақ болуы оның жанұясына тікелей байланысты. Қыргүйектің екінші жексенбісінде аталып өтетін отбасы күні аясында облыс орталығында «Салауатты отбасы» сайысы өтті. Жарыс бұқаралық спортты насихаттауды мақсат етті.


Өңірімізде отбасы апталығы шеңберінде түрлі бағыттағы іс-шаралар легі өткені белгілі. Солардың бірі – жас жанұялар арасындағы спорттық жарыс. Бұл бәсеке балаларға салауатты өмір салтының маңызын көрсетіп, уақытты көңілді әрітиімді өткізуге мүмкіндік берді.

Жарыс шарты бойынша, ата-ананың жасы 35-тен төмен, ал баланың жасы 5-тен жоғары болуы тиіс. Сайысқа облысымыздың барлық қала-ауданынан 22 жас отбасы жиналды. Олар үш кезең бойы өзара ептілік, жылдамдық пен күш сынасты.

Шаңырақ көтергендеріне он бір жыл болған Оғызбаевтар отбасы да бұл бәсекеден тыс қалмады. Айтуларынша, өздері спортқа жақын болғандықтан, қабілеттерін көрсетіп, жарыста бақ сынауды жөн санапты.

Іс-шара облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында және «Заң мен тәртіп» идеологиясы шеңберінде ұйымдастырылды. Жарыс қорытындысы бойыша, үздік нәтиже көрсеткен отбасылар бағалы сыйлықтарға ие болды.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу