Бүгін ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтан шыққан тұңғыш геолог, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні. «Халқым менен де биік» деп ұлтын ұлықтаған ғалымның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Ұлтының алдында ұлық басын кішірейте білген Қаныштың туған күнінде жерлестері қала ортасындағы ескерткішінің жанына жиналып рухына тағзым етті. Қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан шарада алаш кемеңгері жайлы келелі әңгіме де айтылды.

Алтынбек Нұхұлы, ҚР сенатының депутаты:

Елдің азаматтары болып Қаныштың рухына гүл шоқтары қойылды. Бұл біз үшін, еліміз, жеріміз үшін үлкен мақтанышты тұлға болғандықтан, әрқашан көңіліміз шат болып, толқынысты күйде тұрғанымызды да жасырғым келмейді. Қаныштың келесі жылы келетін 125 жылдық мерейтойына осындай алғашқы шаралардың туған жерінен басталып жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш деп айтқым келеді.

Тарлан тұлға кеңес геологтар мектебінің негізін қалады. Бала кезінен тау-тасқа құмартып ерекше қызығушылықпен өскен Қаныш қазақ даласына біткен құтты алғаш сүйіншілеген де өзі. «Ұлтыма қызмет етем» деген мақсатпен талай бөгеттерді бұза білді.

Әлима Жармағамбетова, Қаныш Сәтбаевтың немересі, химия ғылымдарының докторы:

Бүгін Ғылым күні және Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні. Сондай-ақ бүгін Қазақстан жерінен алғашқы ғарышкер аспанға көтерілгенін ұмытпауымыз керек. Менің аосындай атам бар болғанына қуанамын. Мен немересі ретінде, ғалым ретінде оның Қазақстанның дамуына қосқан үлесін жақсы білемін.

Келер жылы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл болады. Ауқымды шаралар легі туған жері Баянауыл ауданынан басталмақ.

Аяулым Рахымжанова