Павлодар қаласындағы Камзин көшесі, 20-үйдің алдында ұзақ уақыт бойы жатқан ескі құбыр тұрғындардың мазасын қашырды. Оның айналасы қоқысқа толып кеткен. Масалар мен шіркей қаптап, жағымсыз иіс шығады. Маскүнемдер де сол жерді паналап алған. Жақын маңдағы тұрғындар бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді деп шығымданды.

Құбырдың орналасқан жері – Баянтау спорт кешеніне қарама-қарсы бетте, аялдама маңында. Құбырдың бір бөлігі кесілген, ал қалғаны сол күйі жатыр. Тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше рет шағым жазған. Алайда, мәселе шешімін таппаған.

Қарлығаш Нұрғалиқызы, Павлодар қаласының тұрғыны

Осы күнге дейін кір қоқыс қозғалмай жатыр. Осы үйдің қасында Баянтау спорт кешені бар. Оған келген балалар, осы жаман нәрселерді көреді. Өздеріңіз білесіздер, бүкіл Республика көлемінде балалар келіп, сайыс өткізеді. Мына жерде автобус аялдамасы да тұр. Осы жағдайда, бассыздықты жоюға тырысайықшы. Міне шұңқырда масалар, шіркейлер мен сасық иіс тұр. Мына үйдің тұрғындарына көмек көрсетуге тиіспіз.

Аталған құбырға жылу желілері мекемесі жауапты. Бүгінде демонтаж жұмыстары басталып кеткен екен. Құбыр толық алынған соң, бұл жер абаттандырылады.

Надежда Тюрина, «Павлодарэнерго» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің маманы

Камзин көшесі, 20 мекенжайында ескі құбырларды ауыстыру жұмыстары басталды. Бұл жұмыс мамырдың 22-сі шамасында аяқталады деп жоспарланған.

Қала билігі уәде еткендей, бұл маңай жақын күндері ретке келтіріледі. Құбыр алынып, қоқыс толықтай жиналады деп сенеміз. Бұл мәселе ертіс арнасының назарында.

Сабина Жолдаспаева