Сондай-ақ сенбілік аясында металлургтер саябағына ағаш көшеттері отырғызылды. Қала билігі Павлодарды көгалдандыру жоспарын таныстырды. Биыл облыс орталығында 27 мыңға жуық көшет отырғызылмақ.

Павлодарда 1,5 мың гектар алқап көгалдандырылады. 12 учаске анықталды. «Жастар» шағын ауданына 8700 ағаш отырғызылмақ. Оларды 20 техника аптасына үш рет суарады.

Ағаштардың уақытылы суарылуын қоғамдық кеңес, экологтар мен мәслихат депутаттары бақылайды.

Эколог Татьяна Пономарева ескі ағаштарды жаңасына ауыстыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, сонау 60-жылдары отырғызылған ағаштардың өнімділігі айтарлықтай төмендеген.

Татьяна Пономарёва, эколог:

Ағаштар көмірқышқыл газының қажетті мөлшерін сіңірмейді және оттегінің тиісті мөлшерін шығармайды, яғни табиғи сүзгі қызметін атқармайды. Халыққа осыны түсіндіру керек.

Өткен сенбі күні металлургтер саябағына 100-ден астам қарағай көшеті егілді.

Ал, Ертіс арқылы өтетін жаңа автожол көпірін салу кезінде 8 000 ағаш оталады. Оның орнына күз айында осыншама көлемде көшет отырғызылмақ. Аймақ басшысы көгалдарды автоматты түрде суару жүйесін дамытуды тапсырды.

Аяулым Рахымжанова