Қала тұрғындары сауда орталығына бұл жолы тек тауар сатып алу үшін ғана емес, маңызды қоғамдық шараға қатысу үшін келді. Мұнда донорлықты қолдауға бағытталған акция ұйымдастырылды. Шара барысында тұрғындар өздерінің қан тобы мен резус-факторын анықтауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, мамандар донор болудың маңызы, қан тапсыру тәртібі туралы ақпарат берді.

Акцияны облыстық қан орталығы мен «Қызыл Ай» қоғамы бірлесіп өткізді. Ұйымдастырушылар мұндай шара өте маңызды екенін айтады.Бір адамның тапсырған қаны кем дегенде үш адамның өмірін құтқаруға көмектеседі. Бұндай бастама қоғамда донорлық мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілік пен жанашырлық сезімін арттыруға бағытталған.

Гүлнәр Исаканова, Павлодар облыстық «Қызыл ай» қоғамының директоры

Донорлыққа кім бара алады, кім қай жерде тапсырады. Қанша жастан қанша кг болуы керек. Қазіргі күнде бұл мәселе жыл сайын қан тапсырып жүрген донорлар пенсияға шығып жасы келіп донор бола алмайды. Біреуі ауырып донор бола алмайды. Донорлардың қатарына жаңадан донор шақыру біздің мақсатымыз.

Акция аясында қала тұрғындарына ақпараттық буклеттер таратылып, мамандар донор болудың тәртібі, үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар туралы түсіндірді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар донорлыққа қатысты жиі таралған жалған пікірді жоққа шығарып, қоғамдағы негізсіз қорқыныш туралы түсіндіріп айтты.

Сәуле Игібаева, Павлодар облыстық қан орталығының донорларды жинақтау бөлімінің басшысы

Бүгін мен донорлық реципиент үшін де, қан тапсыратын адам үшін де қауіпті деген кең таралған мифті жоққа шығарғым келеді. Бұл – шындыққа мүлде жанаспайтын ақпарат. Донор орталыққа келмес бұрын толық медициналық тексерістен өтеді: гемоглобин деңгейін анықтаудан бастап, ВИЧ және басқа да инфекцияларға тексеруге дейін. Барлық процедура санитарлық-гигиеналық талаптарға толық сәйкес жүргізіледі, тек бір рет қолданылатын материалдар пайдаланылады.

Жалпы, өңірде 600-ден астам тұрақты донор бар. Жыл сайын 12 мың тұрғын қан тапсырады. Былтырмен салыстырғанда донорлыққа қатысатын азаматтардың саны артқан.

Әйгерім Тоқпанқызы