Павлодар облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың таралу жағдайы тұрақты. Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық ахуал маусымдық көрсеткіштерге сай және бақылауда.

Биыл эпидмаусым басталғалы облыста 88 630 жағдай тіркелген. Оның 65 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Тек 4–10 желтоқсан аралығында өңірде 7 054 жедел респираторлық вирустық инфекция анықталды.

Мадина Қуандық, Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің бас маманы

ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың негізгі шаралары – жеке гигиенаны сақтау. Қолды жиі жуу, бөлмедегі ауаны ылғалдандыру, таза ауада көбірек серуендеу маңызды. Сонымен қатар адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тартқан жөн. Білім беру басқармасының мәліметінше, қазір облыста қашықтан оқуға ауысқан мектептер немесе сыныптар жоқ. Егер бір сыныпта ауырып қалғандар саны 30 пайыздан асса, ол сынып онлайн оқуға көшеді. Биыл Баянауыл, Ақтоғай және Железин аудандарындағы мектептер уақытша қашықтан оқыту форматына ауысқан болатын.

Облыс бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының вирусологиялық зертханасында басқа респираторлық вирустарға қатысты 670 сынама тексерілген. Нәтижесінде 7 оң нәтиже анықталды. Зертханалық талдау барысында риновирус, бокавирус, сондай-ақ басқа да коронавирустар табылды.

Мадина Қуандық, Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің бас маманы

Эпидмаусым басталғалы 2025 жылы облыста тұмаудың 50 жағдайы тіркелді. Олардың барлығы А H3N2 түрі бойынша анықталған. Олардың 26-сы – 14 жасқа дейінгі балалар, 21-і – ересектер, 3-і – жасөспірімдер. Бүгінде ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық жағдай маусымдық деңгейге сай, тұрақты.

Мамандардың айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал толық бақылауда. Барлық қажетті алдын алу және қарсы індеттік шаралар жүргізіліп жатыр.

Сабина Жолдаспаева