Достық үйінде адам құқықтарын қорғау саласындағы маңызды жиын өтті. Облыс әкімі орынбасарының қатысуымен, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілдері және Ұлттық алдын алу тетігінің мүшелері жыл бойы атқарылған жұмыстың қорытындысын айтты.
Ұлттық алдын алу тетігінің негізгі мақсаты – адамдардың құқықтары шектелетін орындарда заң бұзушылықтардың алдын алу. Бұл тетік бірікккен ұлттар ұйымының Азаптауларға қарсы факультативтік хаттамасына сәйкес жұмыс істейді және толық тәуелсіз құрылым болып саналады.
Игорь Тарасенко, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Павлодар облысы бойынша өкілі
Ұлттық алдын алу тетігі – бұл үкіметтік емес ұйым өкілдері мен азаматтық қоғам мүшелерінен құралған қоғамдық бақылау құралы. Оның міндеті жабық мекемелерде ұсталып отырған адамдарға қатысты азаптау, қатыгездік немесе адамды қорлайтын кез келген әрекетті анықтау. Әрбір осындай сапардан кейін арнайы жазбаша есеп дайындалады. Сол есептердің негізінде үйлестіру кеңесі жыл сайын Ұлттық алдын алу тетігі жұмысын қорытындылайтын баяндама жасайды. Бұл құжатта мемлекеттік органдарға жағдайды жақсарту және заңға қайшы әрекеттердің алдын алу бойынша нақты ұсыныстар енгізіледі.
Жиын барысында Ұлттық алдын алу тетігі мүшелерінің жыл бойы атқарылған жұмысы таныстырылды. Мамандар түзеу мекемелері, полиция бөлімдері, уақытша ұстау изоляторлары, медициналық ұйымдар мен әлеуметтік орталықтарға жоспарлы әрі күтпеген тексерістер жүргізген. Тексеріс кезінде азаматтардың медициналық көмек алуы, тұрмыс жағдайы және құқықтарының сақталуы бақылауға алынған. Топ мүшелері анықталған кемшіліктер бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар берген.
Сергей Молчанов, Павлодар облысы бойынша ұлттық алдын алу тетігі қатысушылары тобының басшысы
2025 жылы біз Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты 5 мекемені, Полиция департаментінің 9 бөлімшесін, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 3 ұйымды, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 5 орталығын және Оқу-ағарту министрлігінің 4 мекемесін тексердік. Ең ерекше назарды қажет ететін нысандар – қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері. Ақпанда біз тергеу изоляторына бардық. Онда оң өзгерістер бар, жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Бірақ біздің міндет – тек «бәрі жақсы» деп айту емес, адамға нұқсан келтіруі мүмкін мәселелерді анықтау. Мысалы, қамау жазасын өтеу мекемесінде кір жуатын орынның жағдайы нашар, ол жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, қамаудағыларды қарсы алып, тінтуден өткізетін жертөледегі жағдай өте нашар – бұл да шұғыл шешуді қажет ететін мәселе.
Ұлттық алдын алу тетігінің қызметі азаптау мен қатыгездікке жол бермеуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Адамдармен жеке сөйлесу, құпия ақпаратты жасырын сақтау тетіктің басты қағидаларын құрайды.
Жиын барысында қатысушылар қоғамдағы ашықтық пен адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету ортақ міндет екенін атап өтті. Мамандар алдағы жылы да бақылау жұмыстарын жалғастырады.
Сабина Жолдаспаева