Өңір басшысы Асайын Байханов Павлодарда тұратын соғыс ардагерлеріне барды. Оларды жеңістің 78 жылдығымен құттықтап, батылдығы мен ерлігі үшін алғыс айтты.

Николай Поддубный Солтүстік-батыс және Украин майдандарында соғысты. Сапер әрі штаб қызметкері болды. Соғыс аяқталған соң Новосібірге оралып, кейін жұмыс бабымен Павлодар облысында қоныстанды. Николай Поддубныйдың жасы 97-де болса да, өзінің тың қалпын жоғалтпаған. Қазыналы қария майдан даласындағы қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ ардагер Отан соғысы орденінің иесі.

Облыс әкімі ардагерге сұрапыл соғыстағы өлшеусіз еңбегі үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде Василий Иванович өскелең ұрпаққа ақжарма тілегін жаудырды.

Батылдықтың айқын үлгісін көрсетіп, қан майданға табан тіреген қаһарман қыздардың бірі - Мария Құрбатова. Ол өз еркімен Мәскеу қаласының мергендер мектебіне оқуға түскен. Аға сержант шенімен Украина, Польша және Чехословакияны азат етті.

Сұрапыл соғыста жан аямаған тағы бір құрметті ардагер Сергей Выжутович. Ардагер облыс әкіміне Польша аумағын жаудан қалай босатқаны туралы баян етті. Аңсатқан жеңісті немістің Росток қаласында қарсы алған. Кейін Павлодарда қалған ата-анасына келіп, «Октябрь» зауытына қырнаушы болып жұмысқа орналасқан.

Аймақ басшысы ардагерлерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық,сергек көңіл тіледі. Айта кету керек, бүгінде Павлодар облысында 12 соғыс ардагері тұрады.

Ақмаржан Қалымбек, Мурат Абилмажит