Екібастұз қаласында белгісіз екі азамат 32 жастағы қала тұрғынына оқ атқан. Оқиға кешкі 18.00 шамасында Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында орналасқан медициналық орталық жанында болған.

Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы бейнебақылау камералары арқылы белгісіз адам оқ атқанын анықтады. Ер адамға оқ атқан бір күдікті қолға түсті. Екіншісі іздестірілуде.

Жасқайрат Қайыров, ПД бастығының бірінші орынбасары :

Оқ жарақаты бар ер адам ауруханаға жатқызылды. Осы факт бойынша ҚР ҚК кісі өлтіруге оқталу және жасалған бұзақылық бойынша тергеп, тексеру басталды. Күдіктілердің бірі ұсталынып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Екінші күдікті бойынша орналасқан жер анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.

Жәбірленуші ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Оған дереу ота жасалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Әлімжан Оспанов, Екібастұз қалалық ауруханасының реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі:

 Жедел жәрдем көлігімен мықым аймағына оқ жарақаты бар ер азамат жеткізілді. Жан сақтау бөлімшесіне жатқызылды. Және дереу ота жасалған. Қазіргі уақытта науқас жансақтау бөліміне жатыр. Жағдай тұрақталды.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

Әйгерім Тоқпанқызы