Павлодарда облыстық жас инспекторлар слеті өтті. Облыстың өрендері жол жүру ережелері бойынша білім жарыстырып, өзара кіл мықтыларды анықтады.

Облыс орталығында жас инспекторлар слеті өтті. Жарысқа өңірдің қала-аудандарынан 12 құрама топ қатысты. Оқушылар бірқатар сынақтан өтіп, өзара үздіктерді анықтады. Бұл шара дәстүрлі сипат алып, жыл сайын жалғасын тауып келеді.

Слеттің өрендерге берері мол. Шарбақты ауданынан ат терлете келген Әлия Жұмабекқызы слетке екінші жыл қатысып келеді. Жеткіншек бүгінде жол қозғалысы ережелері бойынша білімін шыңдап, туған жеріне жеңімпаз атанып қайтуға ниетті.

Жетекші ауылының өрендері де бұл доданың кіл мықтыларының бірі. Оқушылар аталмыш іс-шараларда үнемі бой көрсетіп келеді.

Шара соңында әр номинация бойынша үздіктер анықталып, жүлдегерлер грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ақмаржан Қалымбек