Негізгі Жаңалықтар Жақсылыққа қадам

Жақсылыққа қадам

Бүлдіршіндер кішкентайынан көрген жақсы әдеттерді бойына тез сіңіреді. Сондықтан дәл осы кезеңде оларды айналасындағы адамдар мен қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды үйреткен жөн. Осы мақсатта «Ашық жүректер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қайырымдылық іс-шарасы өтті. Толығырақ әріптесім жалғастырсын. 


Облыс орталығында қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шара барысында қала тұрғындары пластик қақпақтарды, макулатура мен ескі ойыншықтарды тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, игі іске деген қызығушылығын арттыру мақсатында әрбір он бес қақпақ тапсырған балаға арнайы сыйлықтар табысталды.

Аталмыш қайырымдылық шарасының өтуіне қаладағы ірі ойыншықтар дүкені демеушілік жасады. Мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылса, ересектер үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен дәрістер жүргізіліп, түрлі орталық мамандары тегін кеңес ұсынды.

Акция барысында пластик қақпақтардан қолөнер бұйымдарын жасау байқауы өтті. Бұл сайыстың басты ерекшелігі — мұнда екі жастағы бүлдіршіннен бастап, жиырма тоғыз жастағы ересекке дейін белсене қатысты. Сондықтан өз өнерін ортаға салған жанның барлығы жеңімпаз деп танылып, арнайы аталымға ие болды. 

Жәния Бейсенбай, байқау қатысушысы

Мен анаммен бірге қолдан бұйым жасадым. Оны кешке дайындадым. Қақпақтардан суши мен торт әзірледім. Қақпақтарды тапсырдым. Маған сыйлық берді. Өте ұнады. 

Іс-шара барысында қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп, үйде пісірілген тағамдар мен қолөнер бұйымдары сатылымға қойылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жиналған қаражат балалар еміне және панасыз жануарларды қысқа дайындауға жұмсалады. Жаңа форматта ұйымдастырылған бұл акция қала тұрғындарының көңілінен шығып, алдағы уақытта өз жалғасын табады деп күтілуде.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу