«Алтай» телеарнасына 65 жыл толып отыр. «Ертіс концерт» мәдениет сарайында қазақ телевизиясының құрдасы, шығыстың басты арнасының мерейтойы аталып өтті. Атаулы шара аясында 2 айда түрлі зияткерлік, рухани, қайырымдылық және спорттық шаралар ұйымдастырылды. Өскемендік әріптестерімізді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құттықтап, "Қазақстан" ұлттық арна өкілдері мен республикалық және аймақтық журналистер телеарна ұжымымен мерейтойды бірге атап өтті.

Ерекше атап өтетін жайт, мерейтойға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің тапсырмасымен арнайы келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті Теле-радиоарналарда ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы Айбек Теміров мырза, Дархан Қуандықұлының құттықтауын жеткізіп, 3 бірдей ардагер қызметкерге "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісін тапсырды. 4 қызметкер Министрдің Алғыс хатын алды.

Алтынай Мағзұмова, видеофонотека меңгерушісі:

Мен ұжымымды шын жүректен құттықтаймын, алар белестері биік болсын, журналистер қауымының қаламы ұшқыр болсын.Барлығына жұғысты болсын деймін. Және өзімді де осы телеарнада жұмыс істегеніме 38 жыл болыпты, еңбегім бағаланып, марапатқа ие болып отырмын. Жалпы, ақпарат саласының үздігі журналистика саласындағы ең жоғары награда. Соған ие болғаныма өте қуаныштымын.

Бұған қоса, тағы 4 бірдей арна қызметкеріне «ҚР Журналистер Одағының» «Алғыс хаты» берілді. Облыс әкімдігі және «Қазақстан» телерадиокорпорациясы атынан 8 қызметкер "Құрмет грамотасымен" марапаттады. Еңбектің еленіп, жұмыстың бағалануы алтайлықтардың төбесін көкке көтерді! 65 жылдықтың жоғары деңгейде өтуі, бірінші кезекте, береке-бірлігі жарасқан үлкен ұжымның қажырлы еңбегінің арқасы, дейді телеарна директоры Нұртас Солтанұлы.

Нұртас Көшеров, «ALTAI» телеарнасының директоры:

Бүгін облыстық Алтай телеарнасы өзінің 65 жылдық мерейлі мерейтойын атап өтіп жатыр. Жалпы, Алтай телеарнасы 65 жылдын ішінде Шығыс Қазақстандағы, жалпы еліміздегі ақпараттық кеңістікте ойып тұрып өзінің өлшеулі, атаулы орын алды деп айтуға толық негіз бар. Осы жылдар аралығында біздің қалыптасқан байлығымыз бар, үлкен ұжымымыз бар, мол тәжірбиеміз бар. Соның арқасында Алтай телеарнасы осы өңірдегі, жанағы жас кадрлардың ұстаханасына айналды.

Облыстық телеарнаның дамуына, өркендеп өсуіне бар күш-жігерін салып, көші ілгері жүруіне себепкер болған аға буынның қосқан үлесін айтып жеткізу мүмкін емес.

Мұрат Тастаған, телеарна ардагері:

Мен жалпы газетте қызметімді бастағанмен , осы Алтай телеарнасында өзімнің бір жүрегімнің қаламының ізі қалды деп ойлаймын, бүгінгі той үлкен той, бәріміз біз білеміз тұңғыш алғашқы телеарналардың қарлығашы, осы арнаның барша журналистерін шын жүректен құттықтаймын. Ел мен жермен тынысы бір болсын, Алтай сияқты заңғарлап аспандай берсін.

Көп жылдардан бері әріптестік байланыс орнатқан серіктестер де телеарнаның жұмысына жоғары баға берді. Телеарна тарихы мен келбетін паш ететін бейнероликтер халық назарына ұсынылды. Көпшіліктің көңіл төрінен орын алған салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.

Хасен Молдабаев, «SEMEI» телеарнасының директоры:

Бүгін міне тамаша той өтіп жатыр, дүбірлі той. Бүгін біз Алтай телеарнасының техникалық базасымен танысып, құрметті меймандарымызбен бүгінгі таңда музейін тамашалап жатырмызАлтай телеарнасына біз ұжымына береке – бірлік тілейміз,жобаларының сәтті іске асуын тілейміз және де үлкен биік белестерді бағындыра берсін деп тілестіктерімізді білдіреміз.

Телевизия саласында қызмет ететін жандар өз ісінің майталмандары. Адамының ғұмырымен пара-пар кезеңде шығыстың басты арнасы заман ағымынан, сандық технология сағаттап дамыған кезеңнен бір сәтке де қалыс қалмады. Әлеуметтік желілердің әлеуеті артқан тұста да телеарна көзқарақты көрермендерінен қол үзбеді.

Зулқарнай Ермұратұлы, Ардана Серікқызы, Диас Талғатұлы