«Ертіс Променад» сахнасында «Халық дауысы» халықаралық ән фестивалінің қорытынды концерті өтті. Әдемі әндер әуелеген кеш Халық радиосының 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Халықаралық музыкалық фестивальге қатысуға еліміздің, тіпті алыс-жақын елдердің өнерпаздарынан 100 ден астам өтінім келіп түскен. Екі кезеңнен өткен ән додасында 22 үміткер анықталып, ақтық сынға 4 орындаушы өтті.
«Халық дауысы» жүлдесін табыстау рәсіміне қала тұрғындары ағыла келді. Ән байқауының қорытындысы бойынша 16 жасқа дейінгі қатысушылар арасында Алматы шаһарынан келген жас орындаушы Мағжан Өмірбек жеңімпаз атанды.
Ал, 16 жастан жоғары қатысушылар арасында дәл осындай жүлдемен Өскемен қаласынан келген өнерпаз Қарақат Қабдуллина марапатталды.
Қарақат Қабдуллина, «Халық дауысы» фестивалінің жеңімпазы:
Мен өте бақытты күй кешіп тұрмын. Бұл сахнада өнер көрсетемін, жеңімпаз атанамын деп ойламадым. Осындай әдемі кештің куәгері болып отырмыз. Ұйымдастырушыларға көп рақмет. Мен өте қуаныштымын.
Дарынды жастардың басын қосқан шарада елімізге белгілі эстарада жұлдыздары өнер көрсетті. Танымал әзілкеш-стендапер, әнші – Данияр Жұмадилов әдемі кештің тізгінін қолға алды. Ал, Қазақша R&B орындаушысы – ЕҢЛІК фестиваль көркін қыздыра түсті.
Орталық жағалауға жиналған ән сүйер қауым кештің басты қонағын асыға күтті. Белгілі әнші, кеш хедлайнері – Мирас Жүгінісовтың хит әндері қаланың басты сахнасының сән-салтанатын арттыра түсті.
Ақмаржан Қалымбек