Облыс орталығында ауқымды экологиялық акция өтті. Қаланың ең үздік мектеп түлектері ағаш отырғызып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты. Шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды. Акция барысында 140 қарағай көшеті отырғызылды. Игі бастамаға облыс әкімі де қатысып, жастармен бірге ағаш екті.

Экологиялық шараға Павлодар қаласының 122 үздік түлегі қатысты. Олардың қатарында 82 «Алтын белгіге» үміткер және 40 оқу озаты бар. Ауқымды акция бірнеше мекеменің бірлескен жұмысының нәтижесінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілді.

Қобланбек Қожин, Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы

Бұл іс келешек ұрпаққа үлгі. Шаһар әкімі осы орында белгіледі. Бұл негізі депатуттардың бастамасы.

Шара барысында облыс әкімі оқушылардың бастамасына қолдау білдірді. Түлектер де белсенділік танытып, әрқайсысы өз ағашын отырғызып, туған қалаға деген құрметін көрсетті.

Аружан Сабыр, Павлодар қаласының №2 ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы

Таза Қазақстан акциясы еліміздің болашағына деген жауапкершілігіміздің нағыз көрінісі. Мен үшін бұл қоғамға үлес қосу болып табылады. Біздің мектепте бастауыш сынып оқушылар гүл отырғызады. Біз де оған ат салысамыз. Біз елімізді құрметтейтінімізді дәлелдейміз. Әр ағаш үлкен өзгеріске әкеледі.

Мұндай игі бастамалар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілігін арттырады. Бүгін отырғызылған әрбір көшет – түлектердің еңбегі мен ниетінің айғағы.

Сабина Жолдаспаева