«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Павлодарда ата-аналар форумы өтті. «Мәдениет заңнан басталады: қзаманауи әлемдегі ата-ана жауапкершілігі» атауымен өткен шараға тұрғындар, құқық қорғау, білім саласының өкілдері қатысты.

Форум барысында өскелең ұрпақты қауіп қатерден сақту жолындағы білім ордалары мен ата-аналардың өзара іс-қимылы мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ботагөз Кенжебаева, А. Шәмкенов атындағы мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

«Ата-аналарға арналған стендтер ұсынылды, интерактивті аймақтар ұйымдастырылды. Онда құқықбұзушылықтарға қатысты бұйрықтармен танысу үшін QR-кодтар орнатылған, сондай-ақ буллинг және антибуллинг бағдарламалары бойынша жадынамалар да ұсынылды».

Форум аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды. Мамандардың айтуынша, қауіптердің алдын ала ескертілуі құқықбұзушылықтар санын азайтып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Ирада Жүсіпова, Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі

«Кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу және балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — өте маңызды. Бұл мәселелер тек білім беру ұйымдары мен мектеп мұғалімдеріне ғана емес, баланың өсіп, тәрбиеленетін отбасына, ата-аналарға тікелей байланысты. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз оң нәтижеге қол жеткізіп, балаларға қатысты қауіптер мен қатерлердің алдын ала аламыз, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, суицидтік тәуекелдер және интернет-қатерлер мәселелері ерекше назарды талап етеді».

Сондай-ақ қатысушыларға төтенше жағдайлар кезіндегі мінез-құлық ережелері мен тіршілік қауіпсіздігінің негіздері еске салынды.

Әділхан Мағзамов, Павлодар қаласы тжб №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы

«Естіген шығарсыздар, балалардың тірідей жанып кеткен жағдайлары болды. Оның себебі — өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына дереу жете алмады. Өйткені аулалар автокөліктермен толып тұрған. Қазіргі уақытта арнайы техникаға кедергі келтірген жеңіл көліктерді бұзып өтуге рұқсат беретін заң жобасы қарастырылып жатыр».

Білім беру, құқық қорғау органдары және құтқару қызметтерін біріктіретін кешенді тәсіл қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыруға және «Заң және тәртіп» қағидаттарын нығайтуға бағытталған.