1 мамыр –бірлік күніне орай Павлодар қаласындағы №54 балабақшада ерекше мерекелік шара өтті. Түрлі этнос өкілдерінің мәдениетін дәріптеген бұл шара балаларға достық пен татулықтың маңызын танытты. Мерекеге ассамблея өкілдері, ата-аналар, тәрбиешілер және балабақша тәрбиеленушілері қатысты.
Мерекелік бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрды. Әр топ ата-аналарымен бірге алдын ала бір ұлтты таңдап, соған сай дайындалып келген. Қатысушылар түрлі халықтардың ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы қысқаша мәлімет ұсынды.
Нұрбике Сыздықова, Павлодар қаласы №54 балабақшасының қазақ тілі мұғалімі
Бәрімізге белгілі еліміз көп ұлтты мемлекет. Елімізде көптеген ұлттар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әр ұлт өзінің дәстүрін, ұлттық тағамдарын ұрпақтарына жеткізіп жатыр. Біз де өзіміздің үлесімізді қосып, балаларға тәрбиелік мән береміз. Әр топқа байқау жарияладық. Әр топ бір ұлтты таңдау керек еді.
Шара барысында балалар мен ата-аналар өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Әр топ өздері таңдаған ұлттың ерекшелігін таныстырып, ұлттық тағамдарын ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Меруерт Мизамбаева, қатысушы
Біз қазақ халқын таныстырып жатырмыз. Қызым Диана екеуіміз шараға қатысып жатырмыз. Бүгінгі ұлттық тағамымыз май, құрт, қымыз. Бешбармақ. Өз өнерімізді көрсетіп, қамажай биін билейміз.
Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар арқылы бүлдіршіндер әр ұлттың мәдениетін құрметтеуді үйреніп, достық пен бірліктің қадірін түсінеді.
Сабина Жолдаспаева