Облыс орталығында түрлі тұқымды иттер жиналған халықаралық көрме өтті. Арнайы шақырылған сарапшылар әр қатысушыны кәсіби деңгейде бағалады.
Мұндай көрме жыл сайын тұрақты түрде өткізіледі. Байқау барысында иттердің сырт келбеті, күтімі мен тұқымдық ерекшеліктері бағаланды. Үздіктер арнайы кезеңге өтеді. Соңында ең мықты бес ит анықталып, жүлделі орындарға ие болады.
Данара Сейітқанова, «Альянс» ұлттық кинологиялық федерациясының төрағасы
Асыл тұқымды жануарлардың басты ерекшелігі — олардың арнайы селекциялық жұмыс арқылы өсірілуі. Біздің барлық иттеріміз уақытылы екпе алып, қажетті өңдеуден өтеді. Яғни, олардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл — үлкен жауапкершілік. Осындай шаралар арқылы біз жануарларға деген жауапкершілікті қарым-қатынасты насихаттаймыз.
Көрмеге қатысушылар өз иттері туралы қызықты мәліметтермен бөлісті. Олар ірі тұқымды иттерді кең аумақта немесе саяжайларда ұстайды. Итке күн сайын уақыт бөліп, серуендетіп, күтім жасау аса маңызды. Кейбір тұрғындар мұндай көрмелерге жыл сайын тұрақты түрде қатысып келеді.
Вячеслав Акимов, Павлодар қаласының тұрғыны
Менің екі итім бар. Бірі — орыс тазысы, екіншісі — ирландиялық тұқым. Осындай көрмелерге қатысып жүргеніме үш жыл болды. Біз Астана қаласында да, Павлодарда да бірнеше рет бақ сынадық. Иттерім Молдова мен Қазақстан чемпиондары атанған. Бұл — аңшылыққа арналған иттер. Үйде екі кішкентай балам бар, соған қарамастан иттерім өте жуас, адамдарға мейірімді.
Мұндай көрмелер тек жарыс алаңы ғана емес, тәжірибе алмасу мен жануарларға деген сүйіспеншілікті арттыратын алаң. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да осындай ауқымды шаралар жалғасын табады.
Сабина Жолдаспаева