Павлодарда Отан қорғаушылар күніне орай «Батыл жүрек» атты әскери-патриоттық ән фестивалі ұйымдастырылды. Дәстүрлі шара өңірдегі Ауған соғысы ардагерлерінің бастамасымен өтті. Байқауда 20 дан астам вокалдық нөмір ұсынылды.

Фестиваль аясында қатысушылар әскери-патриоттық бағыттағы әндерді орындап, өзара бақ сынасты. Байқауға жеке орындаушылармен қатар, топ болып өнер көрсеткен қатысушылар да қатысты. Талантты жастардың өнерін арнайы құрылған әділқазылар алқасы бағалап, олардың орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениетіне назар аударды.

Төлеген Қоқымбаев, Павлодар облысы «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері» ҚҚ төрағасының орынбасары

Жылдағы «Батыл жүрек» атты фстивалін өткізіп жатырмыз. Жастарға ең бірінші өздеріне патриоттық сезім беріледі. Осы фестиваль Жеңіс күніне және Отан қорғаушылар күніне арналады. Марапаттауға келетен болсақ, дәстүрлі гран при беріледі. Сосын орындар беріледі.

Сахнада өнер көрсеткен облыстың талантты жастары ән арқылы елге деген сүйіспеншіліктерін білдірді. Қатысушылар бұл байқауға тыңғылықты дайындалып, бірнеше ай бойы жаттыққан. Олар көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Сара Сейтқазынова, қатысушы

Негізі өзім әнмен кішкентай кезімнен бастап айналысамын. Марқұм атам ән айтып жүретін күнде. Содан бастап әнге құмарлығым ашылды. Туған ағам да ән айтады. Мұғалім Амандық ағаның арқасында Екібастұз қаласында гран при алдық. Артымда тұрған ұлдар менің мектебімнен 10 сынып оқушылары. Олар да көмек беріп, қолдау берді.

Фестиваль өңірдегі шығармашыл жастардың басын қосып, олардың өнерін шыңдауға мүмкіндік берді. Мұндай шаралар жас буынның сахна мәдениетін қалыптастырып, өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Сабина Жолдаспаева