Павлодар облысы теміржол торабы мол аймақтардың бірі. Дәл біздің өңірден әр түрлі бағытқа жүрдек пойыздар сағат сайын зулап жатады. Осы салада көзге көп түсе бермейтін, бірақ аса жауапты қызметті атқарып жүрген мамандар бар. Солардың бірі – көліктегі полиция бөлімінің аға анықтаушысы Нияз Бекмұратов. Оның күнделікті жұмысы барысында әр қилы қылмыстың алдын алып, орын алған оқиғалардың мән-жайын анықтап, сараптайды.
Нияз Бекмұратов ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2015 жылы бастаған. Ол теміржол аумағында қоғамдық тәртіпті бақылап, түрлі құқықбұзушылықтардың жолын кесумен айналысады. Қызмет барысында мүлік ұрлығы, теміржолға тиесілі материалдарды заңсыз иемдену, сондай-ақ есірткі сақтау сияқты жағдайлар жиі кездеседі екен.
Нияз Бекмұратов, Павлодар станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің аға анықтаушысы
Таңертеңгі разводтан кейін осы бөлімде қызмет атқарамыз. Егер қоңыраулар түссе, оқиға орнына барамыз. Есірткі тарату фактілері немесе темір жол бойындағы қылмыстар болған жағдайда сол жаққа барамыз. Тергеу әрекеттерін өткіземіз.
Оқиға орнына жедел жету қызметкерлердің негізгі міндеттерінің бірі. Әрбір дерек мұқият тексеріліп, болған жағдайдың барлық мән-жайы жіті анықталады. Аға анықтаушы оқиға орнында жиналған дәлелдерді рәсімдеп, қажетті құжаттарды толтырады. Оқиға орнына міндетті түрде анықтаушы, тергеуші және криминалист маман бірге шығады.
Нияз Бекмұратов, Павлодар станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің аға анықтаушысы
Крминиалдық топтың қызметкері іздерді қарап, оқиға орнында болған адамдарды ізде йді. Қатысы бар, құқық бұзушылық жасаған адамдарды табады. Тергеу әрекеттерін жүргізеді. Криминалист оқиға орнында болған жерде із алумен және оларды бекутімен айналысады.
Әріптестері Нияз Бекмұратовты өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тәртіпті әрі сенімді маман ретінде сипаттайды. Ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында еңбек етіп келе жатқан басшылық өкілдері де оның кәсібилігін ерекше атап өтті.
Досжан Оразбаев, Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығының орынбасары
Полиция майоры Бекмұратов Нияз Маратұлын он жылдан астам бері білемін. Аталған лауазымда ол өзін жауапты, тиянақты қызметкер ретінде көрсетті. Қылмыстық істерді тергеу кезінде өзін жақсы жағынан көрсетіп, нақты заңда көрсетілген шаралар қабылдап, шешім қабылдайды.
Кез-келген қызметтегі үлкен табыс берекелі отбасының арқасында келетіні анық. Нияз Бекмұратов – екі қыздың әкесі, үлгілі отағасы. Жақындарының сенімі мен қолдауы оған күнделікті жұмыста күш-қуат беріп, алға ұмтылуына жігер береді.
Сабина Жолдаспаева